|
18.10.2023 | 20:18
3095

Алматылық нейрохирургтер омыртқаға жұлын стимуляторын орнатты

Бұл қызмет Орталық қалалық клиникалық ауруханада МӘМС есебінен көрсетіле бастамақ

Алматылық нейрохирургтер омыртқаға жұлын стимуляторын орнатты Алматы ДСБ / пресс-служба УОЗ Алматы

Оңтүстік астанадағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада тұңғыш рет омыртқаға жұлын стимуляторын орнатты. Жоғары технологиялы ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

ОҚКА баспасөз қызметінің дерегінше, бірегей операция омыртқаны емдегеннен кейін мазалайтын ауырсыну сезімін жоюға көмектеседі.

Жылдар бойы бел ауруының зардабын тартқан әйел аяғын баса алмай қалатын. Бұған дейін мамандар оның бел ауруына себеп болған омыртқадағы жарықты алып тастаса да ауырсыну сезімі басыла қоймапты. Тіпті дәрі-дәрмектер де көмектеспеген көрінеді.

Операцияны ОҚКА дәрігері Марат Алматов ресейлік нейрохирург, Новосибирск қаласындағы Федералды нейрохирургия орталығының бөлімше меңгерушісі Александр Дмитриевпен бірлесіп жасады.

Ота барысында науқастың омыртқасына ауыруды басатын тұрақты электродтар орнатты. Электродтар жүйке талшықтарына импульс беріп, ауырсыну сезімін басып отырады. Сонымен қатар, бұл әдіс бас, арқа мен аяқтың ауырғанын басады дейді мамандар.

- Басында біз электрмен стимуляциялау қаншалықты нәтиже беретінін көру мақсатында электродты омыртқа каналына орнаттық. Арнайы пульт пациентке құрылғыны іске қосып, импульстің амплитудасын реттеуге мүмкіндік береді. Науқасқа көмегі тигеніне көз жеткізген соң терінің астына тұрақты генератор орнаттық. Енді пациент аппаратты қажет кезде қосып, ауыруы басылған соң өшіріп тастаса болады,- дейді Марат Алматов.

Қазір жағдайы жақсарып, ауырсыну сезімінен арылған әйелдің дәрігерлерге айтар алғысы шексіз.

- Арқамның ауырғанына көп жылдар болды. Тоқтамастан ауырған кезде жаным көзіме көрінетін. Күн сайын ішетін күшті препараттардан да нәтиже болмады. Ұйқым тыныш, жаным жай тапты. Дәрігерлерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Алтын қолды мамандар алдағы уақытта осы әдіспен қаншама адамның жанына араша түсіп, ауруын жеңілдететінін ойласам қуанамын, - дейді ол көзіне жас алып.  

МСҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың сөзіне сүйенсек, енді бұл қызмет Орталық қалалық клиникалық ауруханада МӘМС есебінен көрсетіле бастамақ.

- Бұл операцияны медицина саласындағы соны жетістіктердің бірі деуге болады. Ол омыртқасы ауыратын талай пациенттің ауыруын жеңілдетері анық. Жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын мұндай қызметтердің бағасы қымбат болса. Дегенмен операцияны МӘМС қаражаты есебінен жасатуға әбден болады, - деді Тілеухан Әбілдаев.

Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі елімізде вейптерге қашан тыйым салынатынын айтты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир