Мемлекеттік тіл – елдегі тұрақтылық пен бірліктің негізі. Алматыда тіл мәртебесін көтеру мақсатында медициналық мекеме қызметкерлері арасында ұйымдастырылған республикалық байқаудың жүлдегерлері марапатталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жеңімпаздарға 10 аталым бойынша төсбелгілер табыс етілді.
«Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты конкурстың мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын денсаулық сақтау саласында жүзеге асыру.
«Байқауға жыл сайын Қазақстан Республикасы бойынша денсаулық сақтау жүйесінің барлық маманы: дәрігерлер, орта медицина қызметкерлері және көмекшілер қатысады. Олардың ішінде сондай-ақ кадр бөлімі, іс қағаз жүргізушілер, аудармашылар, тіл мамандары барлығы денсаулық сақтау мекемелеріне өз үлесін қосып, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуде жұмыс істеп жатыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Алданғорова.
Байқауға еліміздің 10 өңірінен 40 медициналық ұйымның қызметкерлері қатысты. Конкурсқа қатысушылар «әрбір қазақстандықтың міндеті – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда бірлесіп жұмыс істеу» дейді.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты республикалық байқауда «Жас дарын» номинациясы бойынша жеңіске жетіп жатырмын. Өте қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға көп алғыс білдіремін. Мемлекеттік тіліміздің абыройы биіктей берсін. Мемлекеттік тілді дамытуға өз үлесін қосатын осындай конкурстар жиі ұйымдастырыла берсін», - деді байқауға қатысушы Айнаш Сағындықова.
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында мемлекеттік тіл жанашырлары марапатталды