Ұлытау облысында азық-түлік неліктен бірнеше есеге қымбат

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Өңірде әлеуметтік маңызы бар тауардың үшеуі ғана шығарылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысында азық-түлік Алматы мен Астанаға қарағанда бірнеше есеге қымбат. Бұған өңірде қажетті өнімнің өндірілмеуі себеп, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мәселен, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар тіркелген десек, соның тек үшеуі Ұлытау облысында шығарылады екен. Ал өзге өңірден келетін ішіп-жем құнға-құн қосылып, бұқараға жетеді.

Қала тұрғыны Арайлым бүгін үйіне керек-жарағын алуға тысқа шығыпты. Үш баланың анасы қажетті тауарын алуға екі аптада бір рет дүкенге келеді. «Бір келгенде кемі 50 мың теңгені санап, беріп кетеміз» деген ол қазір осы соманың өзіне апталық азық-түлікті ғана алатынын айтады.

«Қымбатшылықтың себебін басқа өңірден келумен байланыстырады, бірақ негізі, өзіміздің жергілікті кәсіпкерлер тауарды өздері өндірсе, баға реттелетін еді деп ойлаймын», - дейді Сәтбаев қаласының тұрғыны Арайлым Шакарманова.

Күн сайын құны өскен қажетті тауарлар бұған дейін тым құрығанда, жәрмеңкеде арзандаушы еді. Енді жұрт апта сайын ұйымдастырылатын мұндай базардан да күдер үзген. Өйткені, әлеуметтік жәрмеңкенің өзінде кәсіпкерлер әркімге әртүрлі баға айтуға көшіпті. Сондықтан өңірдегі азаматтардың көбі баға бақылауға алынса дейді.

«Жәрмеңкеге шыққанда да таңертең келіп қадағалағанымен, олар кеткен соң артынша басқа баға болады. Бағаны қадағалап отыратын жауаптылар бар ма өзі? Көпбалалы отбасылар көп, айлықтан айлыққа жетпейтіндерге қиын, оның ішінде бір айлықпен өмір сүріп жатқандар бар», - дейді Сәтбаев қаласының тұрғыны Индира Түсіпбекова.

Біз айтып отырған әлеуметтік азық-түлік тізіміне халық жиі тұтынатын 19 түрлі өнім кіреді. Ал аталған өңірде оның үшеуі, нақтылай айтсақ, ұн, нан мен ет қана өндіріледі. Қалған тауар сырттан әкелінеді. Ал бұл - баға өсуінің басты себебі. Жауапты мамандар құнның көтерілмеуін жиі қадағалап, мониторинг өткіземіз дегенімен, әзірге мұндай шарадан нәтиже жоқ. Мәселен, осы аптаның өзінде біз айтқан әлеуметтік өнімдердің 3 түрінде баға көтеріліпті.

«Өткен аптада 1 пайызға өсім болса, осы апта 4 пайызға өсім көрсетіп отыр. Бірінші санатты жұмыртқаның өсімі және сары май мен қарақұмыққа өсім байқалды. Жалпы қорда бізде өнімнің барлық түрі жеткілікті. Тапшылық жоқ. Заңда бекітілген кәсіпкер бір кәсіпкерден немесе өндірушіден алған затын 15 пайызға ғана үстеме қосып сатуға құқылы», - деді Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ғазиз Төлеуов.

Бағаның бақылаудан шығуына өнімнің өңірде өндірілмеуі тікелей әсер етеді дедік. Облыста бұдан өзге, логистикалық шығынның жоғарылығы тағы бар. Әрі агроқұрылым жоқтың қасы.

Жағдай жасалмаған соң, кәсіпкерлер де бағаны қалауынша құбылтуға көшкен. Мәселен, жыл басынан бері осындай 236 әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліпті. Мұның ішінде 199 кәсіпкер ескерту алумен шектелсе, тағы 37 адамға 1 миллион теңгеден аса айыппұл арқалады.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 8 млн тоннаға жуық астық бастырылды

Новости партнеров