Дәрігердің айтуыншы, бала ішінен тиын жұтуы қалыпты жағдайға айналған
Бір жылда 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің ағзасынан 80-нен астам ине, ойыншық, тиын секілді бөгде заттар шыққан. Бұл туралы «Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының» дәрігерлері мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың айтуынша, өміріне қауіп төнген балаларды көбіне Мұрат есімді хирург емдейді. Себебі оның біліктілігіне, әріптестерінің айтуынша, тең келер маман жоқ. 2 жастағы бүлдіршіннің анасы Әлиман сол күнді қорқынышпен еске алады. Бүлдіршін ойнап отырып, тиын жұтып қойған. Содан темір зат тыныс алу мүшесіне тұрып қалып, бала тұншыға бастаған.
«Қорқып, жедел жәрдем шақырдық. Содан осы қалалық жедел жәрдем ауруханасына алып келді», – деді қала тұрғыны Әлиман Әмірова.
Сол сәтте ауруханаға хирург Мұрат Дүйсебаев та шұғыл жетеді. Содан бұл баланы өзі қабылдап, аман алып қалады. "Дауылпаз" дәрігер 5 жыл ішінде жүздеген ота жасап, қолында адам өлмеген. Оның біліктілігіне әріптестері де тәнті.
«Мұрат Талғатұлын балаларға көмек көрсету үшін ауруханамызға шақыртамыз. Кейде күніне 2 рет, тіпті, күн сайын шақырамыз», – деді «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» МКК бөлім меңгерушісі Мейіржан Құрманәлиев.
Мұраттың айтуыншы, бала ішінен тиын алып шығу қалыпты жағдайға айналған. Алайда бүлдіршін магнит немесе сірке суын жұтса, өмірін сақтап қалу қиынға түседі екен.
«Жаман нәрсе болды. Қазір өңештің күюімен ауруханаға көп түсіп жатады. Өңеш күйсе, тыртық ұалып, жабысып, ота жасауға дейін барады», – деді балалар хирургі Мұрат Дүйсебаев.
Талай жанды аман алып қалған хирург ата-аналардың да баласына бейжай қарамауын сұрайды. Ол майда-шүйденің өзі талайдың тағдырын талқандап, балаға зар қылғанын айтты.
Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы