|
01.08.2023 | 20:22
4199

Алматыда алғаш рет эпилепсиясы бар сәбиге ота жасалды

Ота №2 ауруханада жасалды

Алматыда алғаш рет эпилепсиясы бар сәбиге ота жасалды Almaty.tv

Алматыда бірінші рет эпилепсиясы бар 7 айлық балаға ота жасалды. Бұл – отандық медицинадағы жоғары нәтиже әрі әлемдік деңгей. Медицина мамандары ұсынған дерекке сүйенсек, биыл тек 6 адамдың ұстамасын азайту мүмкін болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

7 айлық Хамзаның денсаулығындағы кінәрат туғаннан бар. Анасы оны бірден байқаған, бірақ перзетханадағылар «алаңдауға еш негіз жоқ, мұндай жағдай барлығында болады» деп сабырға шақырған көрінеді. Жай сөзге сенбеген шеше жүрегі бұған көнбей, талай аурухананың табалдырығын тоздырған. Ақыры, нәрестенің эпилепсиясы бары анықталған.

– Балам, бір күнде 50 рет ұстамасы ұстап, әбден қиналды. Бұл 7 айға жалғасты. Сәбидің мұндай халін көру ауыр. Сондықтан өзімді қолға алып, оған ота жасатуға бел будым. Дәрігерлер алып кетіп бара жатқанда да қорқып, қасында отыруды сұрадым. Жансақтау бөлімінен шығарғанда, көз ілмей қарап отырдым. Қазір денсаулығы жақсы, – деді баланың анасы Әйгерім Егеубай.

Бауыр еті баласы үшін бәріне дайын болған ана шетелдік дәрігерлерге де жүгінген. Оның айтуынша, Францияда медициналық қызметке 50 мың еуро сұраған. Алайда кейін ондай отаны Қазақстанда тегін жасайтынын білген. Сәби Хамзаға операция №2 ауруханада жасалды.

– 7 айлық нәресте – біз ота жасаған ең жас науқас. Шетелдік білікті дәрігердің шеберлік сағатынан кейін ауруханада 4 адамға операция жасалды. Барлығы сәтті аяқталды. Ем-домнан кейін олардан эпилепсиядан болатын ұстама анықталмады, – деді  №2 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирург дәрігері Азамат Жайылғанов.

Дәрігерлер «жаңа жабдықтардың арқасында әлі талай адамды емдеп, үміт сыйлауға болады» дейді. Ал эпилепсияның отасы сырт елдің бәрінде жасала бермейді, табылған күннің өзінде, тым қымбат екен.

Оразай Нұртайұлы, Аида Иманәлі, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Кохлеарлы имплант: Алматыда бірегей ота жасалды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир