Кафеге ем алуға емес, демалуға келетіндер көп көрінеді
«Жедел жәрдем қызметінің өзіне жәрдем керек». Осылай деп шағымданған медицина мамандары бір-ақ күнде ауруханадан асханаға көшіп кеткенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Медициналық мекемеден мейрамханаға көшкен мамандар «мұқым елдің мазағына қалдық» деп ашуланды. Кафеге ем алуға емес, демалуға келетіндер көп көрінеді.
– Бізді кеше көшіріп жіберді. Тұрғындар қиын жағдай болса, әуелі жедел жәрдем орталығына хабарласады. Ұят қой, менің жұмыс істегім келмей қалды. Көлік қоятын жер жоқ. Жолдың бойына қойдық, асығып жүргенде машина қағып кетуі де мүмкін, – деді № 19 жедел жәрдем стансасының фельдшері Бақтыгүл Рысмендиева.
Ал мынадай мейрамханадан шыққан музыка медициналық қызметкерлерді одан сайын шаршата түскен. Бір қызығы, нысанның бастығы о баста келушілерді кіргізбейміз деп сендірген. Бірақ саудасын қимаған кафе иесі ниетінен айнып қалған көрінеді.
– Ішкені де, наша шеккені де бар, түрлі адам келеді. Сосын осында ұйықтайды, – деді № 19 жедел жәрдем стансасының фельдшері Назира Әбдікерім.
Үздіксіз шақыртуға баратын көліктердің техникалық жағдайын қадағалайтын тұрақ жоқ. Оны мұндағы жүргізушілер де растап отыр. Күн-түн демей жұмыс істейтін қызметкерлерге демалыс орны да қарастырылмаған. Ең сорақысы, тұтас станция қызметкерлеріне бір ғана әжетхана беріп, тіршілік нәрінен де тарықтырып қойған. Ал асханаға ауысса да, ас ішетін орны жоқ дәрігерлер жатын бөлмеге жантая кетеді.
– Қарасай ауданының тұрғындарына қызмет етіп, денсаулығына қарап жүрміз. Ал жақсы ғимараттан неге көшірді? Мұнда ешкім сыймайды, көлік қоятын жер жоқ, – деді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Қайрат Қойшығұлов.
Арызын айтқан ақ халаттыларға асықпай келген жауаптылар дәрігерлерге дер кезінде ескертіп, ақпар бере алмағанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл – уақытша қиындық. Мейрамхана қожайыны «орынды тұтас босатып береміз» деп уәде берген көрінеді.
– Бұрын станцияда отырған жерге МРТ аппаратын орнатамыз, құрылыс жұмыстарын бастауымыз керек. Сондықтан ғимаратты босатуға тура келді. Қарасай ауданы әкімі және Қарасай ауданы емхана басшылығымен бірге басқа ғимарат таптық. Бір аптаның көлемінде көшіреміз. Уәде орындалмаса, жұмыстан кетуге дайынмын, – деді облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы директорының орынбасары Мерей Аманов.
Аурухананың аумағынан орын бұйырмаған бригада отыз шақты жедел жәрдем көлігінің әр жерде тұрғанын көрсетті. Оның үстіне 250-ге жуық қызметкер қысылып ұйықтап, тосылып жұмыс істеп жүр. Фельдшерлер әзірге кафенің ішінде күнелтуге мәжбүр.
Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Дүниежүзінде анестезиолог-реаниматолог мамандар тапшы