Қазақстандағы екпе егу міндетті болмайды. Бүгін Парламенттің жоғары палатасы Мәжіліске «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгертулер енгізіп кері қайтарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ата-аналардың таңдау құқығы қалай болмақ? Денсаулық сақтау министрі неліктен вакцинадан бас тартқан азаматтар баласының құқығын шектейді дегенді алға тартады?
Баласына вакцина жасаудан бас тартқан ата-ана оның денсаулық құқығын шектейді. Сенаттың жалпы отырысында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәл осылай деді. Оның айтуынша, егілмеген адам санының өсуі – вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардың таралуына әкеп соғады. Бұдан бөлек, ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне әкеледі. Бұл – осал топтарға жататын балалардың өміріне қауіпті. Себебі биыл қызылшамен ауырғандардың арасында 21 қайғылы жағдай тіркелсе, оның 19-ы – бала.
«Республикамызда қызылшаның өршуі кезінде 13 800-ден астам жағдай, балалар арасында 9 887 жағдай тіркелді. Сырқаттың 83,4 пайызы егілмеген балалардың арасында тіркелді. 2018 жылғы 1 қарашадан бастап 2019 жылдың аяғына дейін 8 244 бала тіркелген», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Ал, сенатор Дана Нұржігіт әлі күнге дейін міндетті және ерікті вакцинаның ара жігін ажырата алмай жүргендердің көптігін айтады. Бұған халыққа түсіндіру жұмыстарының әлсіз жүргізілуі себеп дейді. Медицина саласының салмақты сарапшылары, әсіресе, қазақ тілді мамандар түсіндіру жұмыстарына белсене араласып отырған жоқ. Осы енжарлықтың салдарынан көпшілік міндетті вакцинаны мәжбүрлеу деп түсініп жүргенін алға тартады.
«Ата-ана, я баланың заңды өкілі екпеден бас тартуына болады. Ондай құқығы бар. Ал ертеңгі күні сол адамдар өзі ауруға шалдығып, айналасындағыларға жұқтырып я болмаса адам өліміне әкелетін жағдай тудырса, олардың жауапкершілігі қандай? Бұл мәселені болашақта ескеру қажет», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Дана Нұржігіт.
Жоғары палатаның депутаттары екінші оқылымда қоғамдық дау тудырған екпеге қатысты түзетулер енгізіп, мәжіліске жолдады. Өзгерту жайлы сенатор Серік Бектұрғанов айтып берді.
«Кодексті талқылау барысында міндетті екпелердің төңірегінде өрбіген дау-дамайларды ескере отыра ата-аналардың шешім қабылдау құқығын растау қажет деп санаймыз. Бұл ата-аналардан «алдын алу екпелерге» қатысты да ақпараттық келісім немесе бас тарту құқығын қосу арқылы жасау ұсынылуда», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Серік Бектұрғанов.
Міндетті екпелерге қатысты депутат кодексте одан бас тарту мүмкіндігі барын жеткізді. Мектепке немесе жұмысқа қабылданарда егілмегендерге ешқандай шектеу жоқ. Ал, балабақшаға ұжымдық имунитеттің шекті деңгейіне жеткен жағдайда қабылданады. Бұл ойға қонымды, себебі медициналық көрсетілімдер бойынша вакцина жасауға болмайтын балғындардың өмірін қорғау мақсатында, деді сенатор.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан