|
06.06.2024 | 20:35
362

Алматыда заманауи жабдықталған ота бөлмелері ашылды

Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында 14 ота залы жұмыс істеп тұр

Алматыда заманауи жабдықталған ота бөлмелері ашылды Almaty.tv

Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында заманауи жабдықталған ота бөлмелері ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

80 жылға жуық хирургия саласында көш ілгері келе жатқан Сызғанов атындағы орталықта қазақстандық, таяу және қиыр шетелден келген науқастарға жылына 200 мыңға жуық диагностикалық қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ ағза мен тіндер трансплантациясын қоса алғанда, хирургияның барлық бағыты бойынша үздік әлемдік тәжірибеге негізделген күрделі оталар жасалады. Ал демеуші компанияның көмегімен ашылған 2 ота залы мүмкіндікті кеңейтпек.

– 8 мыңдай ота жасаймыз. Операция жасайтын бөлімшеде жағдай жасалса, нәтижесі де дұрыс болады. Заманға сай ең мықты жабдықтармен қамтылған, – деді А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы АҚ басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов.

– Компания мақсаты – заманауи құрылғыларды енгізу арқылы, оталардың ең жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету. Қолымыздан келген мүмкіндікті жасадық. Өзімнің жиенім осындай 2 трансплантациялық отаны қажет еткен. Сондықтан мұндай жағдайдағы науқастардың мәселелерімен жақын таныспын және осылай қолдау көрсете алғанымызға қуаныштымыз, – деді демеуші компанияның бақылау кеңесі төрағасы Михаил Гутерман.

Ашылған трансплантация залындағы жабдықтардың қолайлы болуы қызметкерлердің жұмысын оңтайландыра түспек. Мамандардың айтуынша, мұнда өткізілетін ағза алмастыру отасына көбіне науқастың жақындары донор болады.

– Бүйрек трансплантациясын бастайын деп жатырмыз. Соңғы үлгіде жасалған ота бөлімінде, жаңа технологиялармен жұмыс істеу хирургтер үшін маңызды. Аптасына орталықта 2 бүйрек, 2 бауыр трансплантациясы жасалады, – деді А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы ота бөлімінің меңгерушісі Ернұр Белгібаев.

Бүгінде орталықтағы 14 ота залы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Дегенмен ақ халаттылар «елдегі донор мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр» дейді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүйрек трансплантациясына кезекте 4000-ға жуық отандасымыз тұр. Ағзаларды трансплантациялауды күту тізіміндегі пациенттердің басым бөлігі де осы бүйрекке мұқтаждар.

Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қатерлі ісіктен қалай сақтану керек - дәрігер кеңесі

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир