|
06.06.2024 | 20:52
422

Елімізде сәби өлімі азайды

Жылда 22 мыңға жуық бала шала туады

Елімізде сәби өлімі азайды Almaty.tv

Елімізде  жылда 22 мыңға жуық бала шала туады. Алматыда былтырдың өзінде 2 мың 876 нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келген. Соның ішінде түрлі аурулардың кесірінен шетінеп кететін шақалақ көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өмірге асығып келген сәбилер алғашқы сәттерінде-ақ қиындықтарға тап болады. Оларды аман алып қалу үшін неонатологтар талмай, жанқиярлық еңбек етеді. Айнұр Сарбас 16 жыл бойы ерте туған сәбилерді өлім аузынан алып қалумен айналысады. Қазірге дейін 10 мыңнан аса шала туған шақалақты адам қатарына қосқан. Дәрігердің айтуынша жаңа әдістер мен технологиялардың қарқыны дамып, нәрестелерді аман алып қалу көрсеткіші 80-90 пайызға жеткен.

– Перинаталды орталық болғандықтан шала туған нәресте өте көп болды. Қазіргі кезде сала дамып келе жатыр. Дәрігерлердің де саны аз еді, қазір көбейді. Шала туылған нәрестелер 80-90 пайыз аман қалады, – деді неонатолог, № 2перинаталды орталықтың меңгерушісі Айнұр Сабас.

Ерте туған нәрестелердің күтімі мен емделуі тек дәрігерлердің ғана емес, аналардың да үлкен қолдауын қажет етеді. Баласын құшағына алуды армандаған ана үшін бұл – қиын кезең.

– Экстремалды төмен және төмен салмақта туған балалармен жұмыс жасағанда уақыт қажет болады. Ол кезде аналар 2-3 ай перзентханада жатады. Аналар шаршайды. Балаларда апноэ, яғни дем алуды ұмытып кететін кездері болады, – деді Айнұр Сабас.

Алматыда былтыр 2876 нәресте мерзімінен ерте туған. Эльмира Дүйсенбаеваның көптен бері аңсаған сәбиі 735 грамм болып дүние есігін ашқан. Ол «алғашқыда дем алуы көңіл көншітпейтін, өте әлсіз, үміт аз еді» дейді. Алайда дәрігерлердің қажырлы еңбегінің арқасында бөбектің жағдайы қалыпқа келді.

– Негізі үшінші жүктілігім, оның алдында екі рет түсік тастадым. Ерте босандым. Аллаға шүкір, жақсы! Бөпемнің де жағдайы бірқалыпты. Туған кезде ол дем алмаған. Дәрігерлер көмек көрсетті, 9 күн болды, балам тәуір, – деді қала тұрғыны Эльмира Дүйсенбаева.

Ерте туған сәбилердің әрбір демі –  дәрігерлердің үздіксіз еңбегінің жемісі. Елімізде неонатологтардың біліктілігі мен орталықтардың заманауи техникамен жабдықталуы бала өлімін азайтқан.

Әйкерім Пернебек, Ханкелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда заманауи жабдықталған ота бөлмелері ашылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир