Биыл Алматылықтар үшін медициналық көмек көрсететін орталықтардың саны артты. Өткен жылы тұрғындар үшін ем алатын орталық төртеу болса, биыл олардың саны 62-ге жетті. Бұл туралы бүгін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Алматы қалалық филиалы директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі – барлық азамат жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жерiне және табысына қарамастан медициналық, дәрілік көмекке тең қолжеткізе алады. Бұл үшін арнайы сақтандыру тіркеуінен өтіп, ай сайын жарна төлеп тұру қажет. Медициналық сақтандыру құны – тұрғындар үшін қолжетімді.
«Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тіркелу үшін облыс тұрғындары 1 АЕК көлемінде ақша төлеуі қажет. Ол 2651 теңгені құрайды. Ал, ауыл тұрғындары үшін жеңілдік қарастырылған. Олар 1326 теңге төлеп тіркеле алады», - дейді Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Бұрын учаскелік дәрігер өздері бекіткен оңалту орталығына қаралуыңызды міндеттейтін. Қазір олай емес. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тіркеліп қаладағы өзіңіз қалаған емханадан барып ем алуыңызға мүмкіндік бар. Осы жүйемен баласына ем қабылдап жүрген жанның бірі – Кәмшат Шомпанова. Өзі Талғар қаласының тұрғыны бола тұра, баласы Жайықты қаладағы 5 клиникалық оңалту орталығына әкеліп емдетіп жүр. Ем қабылдап жүргендеріне 1 жылға жуықтапты. Баласы сал ауруының атоника түрімен науқастанған. Жайықтың қазіргі жағдайы біршама жақсарыпты. Бұл үздіксіз ем алумыздың әсері дейді ол.
«Қазір баламның жағдайы жақсы. Бұрын баспалдыққа міне алмайтын еді. Қазір өзі мініп-өзі түсіп көп нәтижеге жеттік», - дейді Талғар қаласының тұрғыны Кәмшат ШОМПАНОВА.
Мамандардың айтуынша, қала бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 48 мың азаматтың тіркелмегені анықталды.
«2020 жылдан бастап, медициналық оңалту клиникалар саны 62-ге жетті. Оның 25-і жеке меншік. Биыл осы мақсатта 170 млрд теңге бөлінді. Оның 104 млрд теңгесі тегін медициналық көмек пакетіне тиесілі», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының директоры Нұрлыбек ҚАБДЫҚАПАРОВ.
Қазір еліміздің барлық азаматтары міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетіндегі қызметтерді тіркеуден өтпесе де тегін қолдана алады. Бұл тұрғындардың жаңа жүиенің барлық артықшылықтарын сезініп, көріп-білуі үшін жасалып отыр. Тегін қызмет сәуірдің біріне дейін жалғасады. Ал, жыл бойына медициналық қызметті толық пайдаланғысы келетіндер сақтандыру қорына тіркелу қажет.
Ұлағат АРҒЫН, Мұрат ТАЙЖАНОВ Алматы телеарнасы