Елімізде қауіпті індет басталғалы саумалға сұраныс сұрапыл – кәсіпкерлер

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Көзін тапқанға мол табыс, ем іздегенге аса шипа екенін айтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде қауіпті індет басталғалы саумал сататын кәсіпкерлердің саудасы қызып тұр. Бие баудың басында тұрғындар сағаттап кезекке тұрып, сауған-сауған күйінше тауысып ішіп кетіп жатыр. Ағзаның жұмысын жақсарту үшін дәруменге бай саумал мен қымыз ішіп, жылқының етін жеп, иммунитетті көтеруге болатыны белгілі. Ал, оның Ковид-тан қорғануда пайдасы бар ма? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын саумал ішуді әдетке айналдырған бірді-екілі жанмен тілдесіп келді.

Бұл қаладағы қымыз сататын нүктелердің бірі. Біз таңғы сауынның үстінен түстік. Сауыншының мойын бұруға уақыты жоқ. Әр биені тез сауып, қоя бермесе желіде тыпыршыған құлын маза таптырар емес. Бие өте талғампаз жануар. Сырт көз, бөтен иіс болса, иімей қоюуы да мүмкін.

Айдардың шаруасы шаруашылықта. Желіге құлын байлап, ұртын майлап 25 бие сауып отыр. Ата кәсіппен айналысқанына бес жылдан асқан. Көзін тапқанға мол табыс, ем іздегенге аса шипа екенін айтады.

«Саумалды мына жерге келіп, жылы кезінде ішсе әсері көбірек болады. Мысалы, тамақты суық күйінде ішкеннен гөрі жылыдай ішкен дәмді ғой. Міне, дәл сол сияқты. Бұндай сусынды тоңазытқышта сақтауға, микротолқынды пешке жылтуға болмайды», – деді Кәсіпкер Айдар Ихан.

Желідегі 25 биенің әрқайсысы әр екі сағат сайын 18 литрден сүт береді. Ем үшін бие баудың басынан саумал ішетіндер бұрында да аз емес еді, індет өршігелі тіпті көбейген. Тұтынушылар қатарынан еңкейген қарттан бастап, балаларға дейін көруге болады.

Бие сүті сауылғаннан кейін 3 сағаттың ішінде негізгі қасиеттері жоғала бастайды екен. Сондықтан неғұрлым сауылғаннан кейін бірден ішсе, соғұрлым қоректік қуаты мол саналмақ. Адам ағзасына пайдасы мол саумалды біз де көрейік. Дәмі тұщы, ағзаға жеңіл кетеді.

БЛИЦ:

- Халқымызға келіп жеткен індетке қарсы тұру үшін, денсаулыққа өте пайдалы деп келіп, ішкелі отырмыз.

- Бала кезімнен бері ішемін, бізге көбігін жалатып ішкізетін. Қазір бір ай болды үзбей ішіп жүргеніме.

- Жылқының сүті өте пайдылы әрі емдік қасиеті бар. Ата-бабамыз бір жағынан сусын болсын, бір жағынан ем болсын деп ішкен ғой.

Бие сүтінің құрамында ақуыз, амин қышқылы, тез ертитін май, оттегі және организмге керек мениралдармен бірге көптеген дәрумендер бар. Жалпы 80-ге жуық билогоиялық қоспа бар екені дәлелденген. Алтын Ажарбекқызы саумалды ем ретінде үш жыл қатарынан ішіп келеді. Тұрақты ішкеннен болар, әлемді жайлаған қауіпті індетпен ауырмағанын айтады.

«Менің өтім қоюланып  денсаулығым нашарлап кетті. 3 жыл қатарынан үзбей ішіп келемін. Денсаулығым жақсарып қалды. Келіп жеткен індетке жылқы малының сүті жолын кеседі деп ойлаймын», – деді Қала тұрғыны Алтын Жайырбекқызы.

Саумалдың қауіпті індетті жеңуде пайдасы мол екенін мамандар да растап отыр. Қазақ Тағамтану академиясының Президенті Төрегелді Шармановтың айтуынша, бір жылдары туберкулез дендеген шақта, оның емі болар бірде-бір дәрі табылмаған. Сол кезде ғалым инфекциялық ауруды қымызбен жеңуге болатынын дәлелдеген.

«Оларды құртуға, ауруға төтеп беруге күші жағынан ешқандай салыстыруға келмейтін сусынның бірі - қымыз бен шұбат. Сондықтан оның пайдасын айтқанда да еселеп пайдасы күшті. Оның құрамы өте құнарлы, ғылыми жолмен дәлелденген қымызға ештеңе жетпейді», – деді Қазақ тамақтану академиясы президенті Төрегелді Шарманов.

Әлі күнге дейін көпшілік ауруға ем, сауға қуат беретін шұбат пен қымыздан гөрі газдалған шырындар мен көпіршіген сусындарға үйір. Дегенмен, жақсы қымыз болса, іздеп жүріп ішетіндер де баршылық. Алайда, ақтамақтың ағзаға тигізер пайдасы зор.

Новости партнеров