Рейд: Наурызбай ауданында карантин режимін сақтамағандарға айыппұл салынды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Егер 1 апта ішінде құйып үлгерсе, соманың тең жартысын төлейтін мүмкіндігі бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Наурызбай ауданында маскалық режимді бұзған 120-дан астам жеке тұлғаға айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір өзі мен өзгенің денсаулығына қауіп төндіргендердің тең жартысы қателіктерін түсінген. Яғни, шалыс басқандар айыппұлды төлепті. Мобильді топ күнделікті тексерулерді жалғастыра береді. Сондықтан, дүйім елден көпшілік орындарда бетпердені тағып жүру керектігін тағы бір мәрте ескертеді. 

Бұл жолы мобильді топ Наурызбай ауданындағы базарлардың біріне рейдке барды. Жүргенімізге бар-жоғы 5 минут өтпестен төбесі жабық бутиктердің біріне бетпердесіз кірген азамат көзге түсті. Тауардың біріне қызығып, тез бағасын білуге асықтым деген ол маскасыз жүргенін ұмытып кеткенін айтады. Сөзінше, жақын маңда жаңа ғана ас ішіп шыққан көрінеді.

Бутикке кіріп, бетпердесіз тауар қарамақ болған жеке тұлғаға мобильді топ 83 340 теңге айыппұл салды. Егер 1 апта ішінде құйып үлгерсе, соманың тең жартысын төлейтін мүмкіндігі бар. Кейін базар ішінде орналасқан шағын асхана тексерілді. Нысан ішіне кірген бойда тазалық сақшысы біраз кемшілікті көрді. Онда антисептик құрал жоқ, ара қашықтық сақталмаған. Ал нысанды жалға алушы келіншек оның жабық екенін айтып ақталды. Бірақ мұндағы қос табақ толы самса мен бәліш, сусындар асхананың жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.

Алматыда карантин режимі күшейтілген тұста еш дайындығы жоқ асханаға шай ішуге келген отбасыға мобильді топ түсіндірме жұмысын жүргізді. Яғни, мүмкіндігінше үйде отыруға шақырды. Ал мобильді топқа бой бермей, ескертуге құлақ аспаған келіншекке айыппұл салынды. Кейін мобильді топ тағы бір асханаға бас сұқты.

«Заң бұзушылық көп. Халыққа қызмет көрсететін асханалар, дүкендер, нан сататын дүкендерде қолдарына қолғап кимейді. Қанша рет түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатса да, теледидардан да хабарлама жүріп жатса да, халықтың арасынан бұндай тәртіп бұзушылық кездесіп жатады», – деді Наурызбай ауданы тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Бейбітгүл Сұлтанбаева.

Ал мобильді топ Бостандық ауданында түнгі тексеру кезінде  жұмыс істеп тұрған рестобарды анықтады. Жабық, ауасы тар жерде бір мезетте 50-ден аса азамат би билеп, көңіл көтеріп жүр. Арасында қатаң карантин кезінде қорқор шеккендер де бар. Нәтижесінде, мамандар бетпердесіз жүрген үш қызметкерге және нысанның иесіне айыппұл салды.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров