Ж. Бекшин қаладағы «Ashyq» қосымшасын пайдалана бастаған нысандарды тексерді

03.03.2021 02:21

«Ashyq» пилоттық жобасы Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында жүзеге асырылуда

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин QR код жүйесін пилоттық режимде пайдаланатын бірқатар нысанды аралап қайтты. Солардың бірі Қазақстан спорт кешені атынан Айдана Сатова «Ashyq» қосымшасының артықшылығын көріп отырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Мобилді қосымша өзіме қатты ұнады. Маған да, бізге келушілерге де өте ыңғайлы етіп жасалынған. Соның арқасында жұмысымыз жүріп жатыр. Қазіргі таңда бізге 5 мыңға жуық адам келеді. Тек солардың екеуі ғана басында күмәнмен қарап еді», – деді Қазақстан спорт кешенінің директоры Айдана Сатова.

Естеріңізге сала кетейік, «Ashyq» пилоттық жобасы Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында жүзеге асырылуда. Әзірлеушілердің айтуынша, қосымшаны осы уақытқа дейін 15 мың 648 адам жүктеп үлгерген. Республика бойынша 99 QR-код берілсе, соның 27-сі Алматыда.

«Кәспкерлерге «Ashyq»  бағдарламасы не беріп жатыр? Қандай мақсатта енгізіліп жатыр? Сол мәселені қарап шықтық. Әрине, қазір өте тиімді деп айтуға болады. Неге десеңіз ешқандай шығын жоқ», – деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.