Қазақстанда дәрі тапшылығының туындауына не себеп

06.07.2020 02:30

Дәрі-дәрмек бағасын көтергендер жауапкершілікке тартылады

ашық дереккөз

Дәрі-дәрмек бағасын көтергендер жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде халықты толғандырған маңызды мәселе  – дәріханаларды дәр-дәрмекпен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта бірқатар себепке байланысты дәріханаларда дәрі тапшылығы шынымен байқалып отыр. Біріншіден, адамдар дәрі-дәрмекті жаппай сатып алуынан халық тарапынан сұраныс жоғары болып тұр. Кей азаматтарымыз ондап, тіпті одан да көп орама парацетамол мен өзге де дәрілерді бірден сатып алады», – деді Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Мәселен, Үкімет басшысы орынбасарының дерегінше, Алматы қаласында мамыр айында 1 айдың ішінде 50 мың ғана парацетамол орамасы сатылса, қазіргі уақытта 1 тәуліктің ішінде ғана 100 мың парацетамол ормасы сатылып кеткен. Дәл осындай жағдай дене қызуын өлшейтін аспапқа да қатысты болып отыр. Айталық, Алматыда 1 жылдың ішінде 100 мың қызу өлшегіш сатылатын болса, қазіргі уақытта дәл осындай көлем бір аптаның ішінде ғана сатылып кеткен.

«Екіншіден, алақол бәсекелестік бар. Яғни, алыпсатарлар дәрі-дәрмекті көтерме сатып алған. Осыған байланысты құзіретті құқық қорғау органдарына дәрі-дәрмек препараттарының шекті бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Анықталған барлық фактілер бойынша заңнамамен бекітілген тәртіппен жауапкершіліке тарту шаралары қабылданады», – деді ол.