2025 жылға дейін Алматыдағы «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде медициналық құралдар мен дәрі-дәрмек шығаратын 5 фармацевтикалық компания салынады. Олардың арнайы экономикалық аймақта орналасуы барлық тарап үшін тиімді болмақ. Қалада фармкластерді дамытуға осылайша ден қойылмақ. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтсын.
Осыған дейін «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде электроника, аспап жасау, бағдарламамен қамту сияқты салаларға үлкен басымдық беріліп келген. Былтыр қала әкімдігі мен Үкімет тарапынан технопарктің қызмет аясы кеңейтіліп, нәтижесінде экономикалық аймаққа фармацевтикалық өнімдерді шығаратын компанияларды тарту міндеті қойылды. Бүгінде ол жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.
«Қазір біз технопарктің аумағында өз ғимаратын салуға дайын 5 фармкомпаниямен келіссөз жасастық. Яғни, мұнда медициналық маскалар, қорғаныс киімдері, қарапайым парацетамолдан бастап ковидке қарсы дәрі-дәрмек шығаратын ірі зауыттар орналасады», – деді «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің» бас директоры Олжас Сартаев.
Экономикалық аймаққа енетін фармзауыттарға көптеген жеңілдіктер қарастырылмақ. Атап айтсақ, инвесторлар ұжымдық кіріс және мүлік, жер салығынан босатылады. Жер учаскесі тегін беріліп, кедендік төлемдері азайтылады. Сәйкесінше медицина өнімдері мен дәрілердің бағасы халыққа арзан бағада ұсынылады.
Міне, мына алқаптың бәрі осында көшетін фармацевтикалық компанияларға арналған. Жалпы мұнда 164 гектар жер болса соның 24 гектары фармкластерге бөлініп отыр.
Мәселен, бұл кәсіпорын технопаркке өз ғимаратын салып, өндірісін кеңейтуге дайын. Ол үшін 2 жарым гектар жер берілген. Фармацевтикалық зауыт құрылысы жазда басталмақ.
Компания 48 түрлі қабынуға, суық тиюге, вирусқа қарсы препараттар мен дәрумендер шығарады. Осы сияқты цехтар алдағы 3-4 жылда арнайы экономикалық аймақта да бой көтереді. Сол кезде өндіріс күші артып, шығарылатын дәрілер саны 70-ке дейін ұлғаяды.
«Біз онда жаңадан ғимарат салуды жоспарлап отырмыз. Қазір зауыттың жобасы жасалып жатыр. Бұл өндіретін препараттардың түрлерін арттыруға және отандық нарықтың әрі қарай дамуына септеседі», – деді фармацевтикалық компанияның өндіріс директоры Александр Лапузенка.
Айта кетейін, әлемдік пандемия елдегі фармацевтика саласының аса қажет екенін көрсетті. Сондықтанда елімізде осы салаға да ерекше көңіл бөлінуде.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы