Өмір үшін күрес: Алматыда 60 жылдық тарихы бар медициналық мекеме кішкентай науқастарды емдеп келеді

08.06.2023 02:45

Ауруханада былтыр шетелдік мамандардың қатысуымен 11 шеберлік сағаты өткен

Almaty.tv

Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында жыл басынан бері 14 күрделі ота жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар Германия, Словения және Ресей елінен келген жетекші мамандардың қатысуымен өткен.

«Кімге хабарлассам да, әлеуметтік желіден қарасам да, Жайылғанов Азамат Әбікенұлы деген нейрохирургқа барыңыз деді. Ол кісіге жазылып, бардық. Бізге екі диагноз қойды. Біреуі – фокальды кортикальды дисплазия, біреуі – ісік», – деді ата-ана Диана Иманқұлова.

Дәрігер көп ойланбастан күрделі отаны жасауды өз мойнына алған. Білікті маман ұзаққа созылған операцияның салдарынан баланың сөйлемей, аяқ-қолы әлсіреуі мүмкін деп ата-анасын ескерткен екен.

«Басында балам сөйлей алмай қалды. Бірақ үшінші күні тілі шығып, аз-аздан сөйледі, аяқ-қолы аман-есен, сау. Дәрігерлерге көп алғыс айтамын», – дейді ата-ана Диана Иманқұлова.

Ауруханаға тәулігіне түрлі диагнозбен 300-ге жуық бала келеді. 285 орынға жабдықталған клиникада өз ісінің хас шебері атанған 7 ардагер-дәрігер жұмыс істейді. Оның бірі – 43 жылдық еңбек тәжірибесі бар Алтынай Қалиқызы. Бүгінгі күні ол жас мамандарға жөн сілтеп, бұл салада көрген-білгенін үйретіп жүр.

«Осы ауруханада кәсібилігімді арттырып, еңбек жолымды осы жерге арнадым. Оқу орнын аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа тұрдым, содан бері 43 жыл өтіпті. Бұл мекемеде сол кезде-ақ білікті мамандар еңбек ететін. Көбі солардың көмегіне жүгінетін. Қазір де осы ауруханадан кішкентайларымыз емделіп, денсаулық жағдайын жақсартып шығады», – деді дәрігер Алтынай Сағынбекова.

Клиниканың білікті мамандары бірқатар бірегей ота жасайды. Ал 2019 жылы аурухана жанынан консультативті-диагностикалық педиатриялық орталық ашылған. Онда жыл сайын 15 мың балаға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар мұнда кез келген клиникада табыла бермейтін бөлімшелер жұмыс істейді. 

«Балалар эндокринология бөлімшесі, нефрология бөлімшесі, балалар пульмонология бөлімшесі, бірегей бөлімшелер барлық қалада бар. Соған қарамастан әртүрлі диагнозбен бізге емделуге келеді. Клиникамызда түрлі бағытта емделе алады», – дейді №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.

Ауруханада былтыр шетелдік мамандардың қатысуымен 11 шеберлік сағаты өткен. Мұндай іс-шаралардың арқасында дәрігерлердің біліктілігін арттыру мүмкіндігі артады. 60 жылдық тарихы бар медициналық мекеме қызметкерлері ендігіде ауруханадағы функционалдық нейрохирургия саласын дамытуды көздеп отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Астанадағы су тапшылығы: Президент шаҺар әкіміне бірнеше тапсырма берді