Тіршілік нәрінен тарыққан астаналықтардың түйткілі жақын арада шешілуі тиіс. Бүгін бас қала әкіміне Мемлекет басшысы осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президент Жеңіс Қасымбековты қабылдап, шаһардағы су ғана емес, басқа да маңызды мәселелер бойынша жедел шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
«Екі апта болды суды түнгі сағат 02:00 шамасында береді. Күндіз мүлде су жоқ. Диспетчерлік қызметкерлер су болмайды деген ақпаратты күнде жазады», – дейді қала тұрғыны Азамат Қанапиянов.
Халықтың судан қиналып жүргенінен әкімдік өкілдері хабардар. Жергілікті билік тапшылықты Астанадағы адам санының өсуімен байланыстырады. Мәселені шешу үшін қала бойынша су тасымалдайтын көлік ұйымдастырыпты. Оның жүргізушісінің сөзіне сенсек, суға сұраныс көп.
«Қаланы аралап, су тасымалдаймыз. Күніне 3-4 рейс жасайтын кезіміз болады. Күн ысығалы тапсырыс көбейіп кетті», – деді көлік жүргізуші Бұлдыбай Адамқұлов.
«Соңғы уақытта Астана қаласында су тапшылығы мәселесі көтеріліп жатыр. Рас, қаламызда мұндай мәселе бар. Қазір тәулігіне 25 мың текше метр су жетіспейді. Қаламыз күн санап өсіп жатыр. Осыдан 2 жыл бұрын әкімдік екі жаңа нысанның құрылысын бастады. Біріншісі – жаңа сорғы стансасы. Бұл нысанның құрылысы маусымның соңына дейін толығымен бітеді», – деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
Әкімнің сөзінше, елорданың құрылыс қарқынына инфрақұрылым ілесе алмай жатыр. Арнайы станса салынып біткенше, халық үнемшіл болуы керек екен. «Жаңа нысан іске қосылған соң, тапшылық толығымен жойылады» деді шаһар басшысы. Құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі аяқталғаннан кейін қалаға күніне қосымша 85 мың текше метр су берілуі мүмкін. Бұл алдағы 3-4 жылға жетеді екен.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Юнеско басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сертификаттар табыстады