|
24.10.2019 | 21:49
13910

Талғар ауданы тұрғындарының аурухана қызметіне өкпесі қара қазандай

Биыл 9 айда мекемеге тұрғындардан 6 арыз түсіп, үшеуі нақтыланған

Талғар ауданы тұрғындарының аурухана қызметіне өкпесі қара қазандай

Биыл жазда ауруханаға тексеріс ұйымдастырылып, қауіпсіздік пен санитарлық қағидалардың өрескел бұзылғаны анықталған. Мәселен, ауруханада суды ысытатын бойлер болғанымен науқастар жатқан палаталарда су мұздай. Оның үстіне дезинфекциялық талаптар сақталмапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Болған заңбұзушылықтар бойынша аурухананың директорына және 7 қызметкерге айыппұл салынды. Содан кейін ұйғарым берілді. Оны 29 қарашада тексереміз. Егер жаңағы бұзушылықтар түзелмесе, онда жабуға тура келеді. Сотқа береміз», - деді  Алматы облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қайрат БАЙМҰХАМБЕТОВ.

Алайда, аурухана жетекшілігі ыстық су мәселесі жақын күндері шешіледі деп сендірді. Су жылыту жүйесін жөндеу үшін мекеме бюджетінен 4,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Палаталарда ыстық су қарашаның 5-іне дейін болады дейді аурухана басшылығы.

«Біз су жылытқыштарды сатып алдық. Олар монтаждалып жатыр. Жуық арада тұрғындардың талабы ескеріліп, ыстық су болады», - деді Алматы облысы Талғар аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Қайрат ИСАБАЕВ..

Аурухана жетекшілігі дәрігерлер тапшылығын жасырмады. Айтуларынша, жас мамандар жалақысы аз болғанымен, жұмыс көлемі көп аудандық ауруханаларға барғысы келмейді. Тұрғындарды толғандырған тағы бір түйткіл - онда инфекциялық бөлімшенің болмауы. Қандай да бір жұқпалы ауруға тап болған науқастар амалсыздан Қаскелеңге баруға мәжбүр екен.

«Ауруханада 30 орынға шақталған жұқпалы аурулар бөлімшесі салынады. Жоба сметалық құжаттама облыстық әкімдікке жіберілді. Құрылыс бөлімі шешіп, қаражат бөлінеді деп үміттенеміз», - деді  Алматы облысы Талғар аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Қайрат ИСАБАЕВ.

Биыл 9 айда мекемеге қатысты тұрғындардан 6 арыз түсіп, үшеуі нақтыланған. Десе де, ел-жұрт бар аурухананы жаппай, түйткілдерді шешу қажет дегенді алға тартады. Қайткенмен емдеу мекемесінің мәселесін прокуратураға жіберуі үшін әзірленіп жатқан көрінеді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир