Қала басшылығы биыл денсаулық саласына жылдағыдан да ерекше көңіл бөліп отыр. Тұрғындармен тілдесіп, денсаулық сақтау саласындағы өткір мәселелер анықталды. Нақты тапсырмалар мен жүргізілген жұмыстар бүгінде оң нәтиже көрсетуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаламыздың денсаулық сақтау саласы әлемдік дертпен күресте алдыңғы шепте жұмыс атқарып келеді. Атап айтсақ, алғашқы медициналық-санитарлық және жедел жәрдем көмегі мен стационарлар тиісті дәрежеде қызмет көрсетуде. Оларды дәрі-дәрмекпен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету үшін тұрақты қор құрылған. Ал қазіргі таңда мамандар аты жаман аурудың екінші толқыны болуы мүмкін деген болжам айтып жатыр. Осы тұста қалалық денсаулық басқармасы тиісті шараларды қолға алуда. Соның бірі - телемедицина орталығы. Аталған орталықтың міндеті - COVID-19 вирусы болуы ықтимал және расталған жағдайлары бар науқастарға кеңес беру және мониторинг жүргізу.
«Бұл COVID-19 вирусын емдеу бойынша бірегей қызмет болып отыр. Ол үшін медициналық ақпараттық бағдарламалар әзірленуде. Телемедицина орталығының дәрігері бейнекеңес жүргізеді, науқастың жағдайын бағалайды, ем тағайындап, науқастың электрондық картасына өзгерістер енгізіп отырады. Бұл, сонымен қатар, барлық COVID-19 жағдайларының бірыңғай электрондық базасы болады», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров.
Бүгінде дерттен құлан-таза айыққан қала тұрғындары ақ халаттыларға алғысын жаудырып жатыр. Ауруханалар жағдайы, дәрігерлер жайы - бәрі де жоғары дәрежеде дейді олар.
«Мен риза болдым. Отбасымызбен бір бөлмеде жаттық. Дәрігерлер минут сайын келіп аға, апай қалайсыздар, қан қысымы мен жүрек қағысын сұрап, тексеріп кетеді. Боралдай жақтағы модульді госпитальді қала әкімдігі құрған екен, барлық жағдайлар жасалған», – деді ҚР Халық әртісі Ақжол Мейірбеков.
«Мен өзім ауырып, ауруханада емделгеннен кейін барлық қорқынышым сейілді деп айта аламын. Дәрігерлер өз ісіне жауапты, әр науқасқа сыпайылық танытып, мұқият қарайды. Менің көз алдымда клиникалық өлімдегі үш науқасты өмірге қайтарды. Менің оларға алғысым шексіз, басымды иемін», – деді «Дағдарыс орталықтарының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Тоты Сайдамарова.
Қазіргі таңда клиникаларды медициналық жабдықтармен жарақтандырудың 2020-2022 жылдарға арналған 3 жылдық жоспары әзірленіп, 20 миллиард теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ, медициналық нысандардың инфрақұрылымын дамыту жоспары құрылды. Ал іске қосылатын 35 дәрігерлік амбулаторияның бүгінде 11-і ашылып үлгерген. Одан бөлек, материалдық-техникалық базаны жақсартып, кадрлық әлеуетті дамыту қолға алынды.