Нәр татуға уақыт жоқ – жүктемесі 2 есеге артқан алматылық жедел жәрдем қызметкерлері

27.08.2021 03:18

Былтыр ақпараттық диспетчерге күнделікті 4000-ға жуық қоңырау келіп түссе, қазір тәулігіне 7 500-ден аса тұрғын хабарласады

Алматыда жедел жәрдем қызметінің жүктемесі 2 есеге артқан. Былтыр ақпараттық диспетчерге күнделікті 4000-ға жуық қоңырау келіп түссе, қазір тәулігіне 7 500-ден аса тұрғын хабарласады. Бұған мегаополисте коронавирусты жұқтыру жағдайының күрт өсуі себеп. Қазір қоңырау қабылдайтын желілер мен көліктер саны да көбейтіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл қалалық жедел қызмет көрсету орталығының жүрегі - ақпараттық диспетчерлік бөлім. Яғни, қыз-қыз қайнаған жұмыс дәл осы жерден басталады. Қала тұрғындарынан келіп түскен қоңыраулар осында қабылданып, әр аудан бойынша іріктеледі. Кейін желілік топ мекенжайларға жөнелтіледі. Мұндағы мамандардың айтуынша өткен аптада елде коронавирустың өршуіне байланысты тәулігіне 7500-ге жуық қоңырау қабылданыпты. Ал, соңғы тәуліктегі стаистика бұл ауыртпалықтың біршама азайғанын көрсетіп отыр.  

2 баланың анасы Зарина Мамедқызы қалалық медициналық жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп жүргеніне 15 жыл болған. Мамандығы 1-інші санаттағы педиатр-дәрігер. Пандемияға дейін қоңыраулар аз, жұмысымыз қиын емес еді дейді кейіпкер. Бүгінде коронавирус дертінің өршуіне байланысты, тәулігіне 24 сағат нәр татпай, қат-қабат киімде тынымсыз шақырған науқастарға асығамыз дейді.

«Бұрын біз жұмысқа жақсы көңіл күймен келетінбіз. Үйге қайтарда «ауыр халдегі адамдарға, балаларға көмектесе алдық қой» деген қуанышпен қайтатынбыз. Ал, қазір пандемия басталғалы үйге көзімізге жас алып қайтамыз. Себебі халықтың көбі вакцина алмаған, науқастар көп. Әсіресе, пневомонияға шалдыққандар. Адамдар біз жеткенше қайтыс болған жағдайлар...», – деді қалалық медициналық жедел жәрдем қызметінің дәрігері, педиатр Зарина Кибирова.

Бүгінде қалалық медициналық жедел жәрдем қызметінде 205 желілік бригада жұмыс істейді. Әр топ тәулігіне 20-ға жуық шақыртуларға барып, науқастарға көмек көрсетуде. Қалада жұқтыру жағдайы өскеліі қоңырау қабылдайтын негізгі желілер саны да көбейген. Осы ретте, қызметкерлер тұрғындарға жедел жәрдемге «103» нөмірі арқылы хабарласа алмаған жағдайда, алдымен «9» кейін «103» батырмасын басу арқылы хабарласуға кеңес береді.  

«Диспетчерлік бөлімнің операторларының көлемі ұлғайтылды. Яғни, 12-ден 16-ға дейін шақыртуды қабылдау және өңдеу диспетчер қызметкері бар. Сонымен қатар, тәуліктік бақылауда отыратын аға дәрігерлер саны 3-тен 5-ке дейін көбейтілді», – деді қалалық медициналық жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Шайхидин Бадиров.

Десе де мамандар соңғы тәулікте 5400 қоңырау қабылданып, жедел жәрдем қызметінің жүктемесі сәл де болса азайғанын айтып, қуанады. Алайда «арқаны кеңге салудың қажеті жоқ, «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеп, вакцина алған жөн» дейді.

Аяулым Көлжігіт, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы