ЭКО арқылы туған бала болашақта табиғи жолмен дүниеге сәби әкеле ала ма

inform.kz
inform.kz
Елімізде жыл сайын жасанды ұрықтандыру әдісіне 7 мың квота бөлінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Аңсаған сәби» экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасының нәтижесі көңіл қуантады. Алайда көпшілікке әлі де қолжетімсіз. Бұл туралы адам ұрпағын өрбіту клиникалар тобының ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елімізде жыл сайын жасанды ұрықтандыру әдісіне 7 мың квота бөлінеді.

Қазақстандағы әрбір алтыншы жұп бедеулікке шалдыққан. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде 21 мыңнан астам адам бала сүю бақытын сезіне алмайды. Бұл ретте бар күш-қуаты мен қабілетін бедеулікке қарсы күреске арнаған медицина мамандары аянбай еңбек етеді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы 3 жылдан бері 16 мың жасанды ұрықтандыру жасалып, дені сау 6 мың сәби дүниеге келген.

«2021 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы дүниеге келген Арман деген жігіт осы. Аңсаған сәбилер көбейе берсін. Қазақстанда сәби сүйе алмай жүрген қаншама отбасы бар. Соларға кеңесім – тек мықты мамандардың көмегіне жүгіну керек. Ең бастысы, мақсаттары болсын», – дейді қала тұрғыны Дана Өмірбекова.

Қоғам арасында ЭКО арқылы туған балалардың ұрпағы болмайды деген де жаңсақ пікір бар. Осыдан 26 жыл бұрын жасанды ұрықтандыру жолымен анасының құрсағына біткен Алеся Ли сөзімізге дәлел. Бүгінде ол баласын табиғи жолмен дүниеге әкелген аяулы ана атанып отыр.

«Анам мені ЭКО арқылы дүниеге әкелді. Қазақстанда жасанды ұрықтандыру бойынша дүниеге келгендердің алғашқысының бірімін. Көпшіліктің ойынша, мен сияқты балалар дүниеге табиғи жолмен сәби әкеле алмайды-мыс. Бірақ мен 2019 жылы қарапайым аналар секілді жүкті болып, баламды құшағыма алдым», – дейді қала тұрғыны Алеся Ли.

Бүгінде әлемнің бірқатар елінде жастарды некеге тұрар алдында толық денсаулық тексеруінен өтуге заң жүзінде міндеттейді. Отау құрғысы келетіндер дәрігерге қаралып, қандай да бір сырқатының бар-жоғын анықтайтын анализдер тапсыруы тиіс. Ал өзге мемлекеттегі міндетті заң біздің елде кенже қалып тұр. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай шешім бедеуліктің алдын алуға үлкен мүмкіндік болар еді.

«Негізі адамда он мыңға жуық моногендік ауру бар. Оны біз біле бермейміз, жиі кездесетіндері солардың 300-ге жуығы. Оны анықтау үшін қан тапсырады. Үш аптаның ішінде генетикалық лаборатория тұжырым береді», – деді биология ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Байқошқарова.

Ал балалар мерекесіне орай эко-орталықтар жасанды ұрықтандыру жолымен дүние есігін ашқан бүлдіршіндерді ерекше қуантты. Сәбилерді бауырына басқан дәрігерлер аниматор жалдап, тәттімен «аңсаған сәбилерді» еркелетті.

«Әр келген емделушінің аңсаған арманына жетуіне қол ұшымызды беруіміз, мақсатына жеткізуіміз – үлкен жұмыстың жемісі және атқарып отырған әр ұжымның үлесі», – дейді репродуктолог дәрігер Аяулым Берікболқызы.

Сонымен қатар Алматыда «Аңсаған сәби» мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Мүсін Қазақстан халқының репродуктивті денсаулығын жақсартуға бағытталған президенттік бағдарламаның құрметіне тұрғызылған.

«Ананың алақанында отырған кішкентай сәбиді көріп, емделуге келген пациенттер мүсінді сипап, өзіне үлкен үміт сыйлайды», – дейді биология ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Байқошқарова.

Бедеулікке қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген мамандар ендігіде қазақстандық репродуктивті медицинаға жаңалық пен тың технология енгізуді мақсат еткен. Елімізде алғаш рет жасанды интеллект арқылы бедеулікті емдеудің заманауи әдістері қолданылмақ.

Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылық дәрігерлер «Қан тапсырып, адам өмірін құтқар!» акциясын жалғастырып жатыр

Новости партнеров