500-ден аса кәсіпкер медициналық қызмет көрсету үшін лицензияға қол жеткізе алмай отыр

500-ден аса кәсіпкер медициналық қызмет көрсету үшін лицензияға қол жеткізе алмай отыр
Рұқсат қағазын беретін орган оның себебін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен байланыстырады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл басынан бері 500-ден аса кәсіпкер медициналық қызмет көрсету үшін лицензияға қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Рұқсат қағазын беретін орган оның себебін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен байланыстырады. Осы орайда кәсіпкерлер оларға қойылатын талаптар тым қатал деп шағымдануда. Себебі бір ғана қан алу кабинетін ашу үшін қымбат жабдықтар талап етіледі екен.

20 жылдан аса медицина саласында кәсібін дөңгелетіп келе жатқандардың бірі –Райхан Мамырова. Осыдан 6 жыл бұрын қала орталығында ашқан лабораториясының ісі сәтті жүріп, халық арасында үлкен сұранысқа ие болған. Қалалық әкімдіктің қолдауымен зертхана Наурызбай ауданына көшкен. Желтоқсан айында салтанатты түрде ашылған орталық бүгінде қаңырап бос тұр. Себебі жұмыс істеуге рұқсат беретін 12 лицензияның тек біреуін алған. Енді мекемеде жұмыс істеп келген мамандардың қолы байланып, кәсіпкер үлкен шығынға батып отырмын дейді.  

«Жалпы «Алматы Инфест» жобасынан бөлінген сома 50 миллион болады. Оның үстінен 60 миллион біз өзіміздің атымыздан кәсіпкер ретінде қостық бұл жобаға. Айына бізден кетіп жатқан ақша «тікелей шығын» деп айтылады, 3 миллионнан асады», – деді кәсіпкер Райхан Мамырова.

Ал, тәуелсіз сарапшылар Денсаулық сақтау министрлік бекіткен бұйрыққа өзгертулер енгізу керек деген пікірде. Онда жазылған талаптарға сай болу үшін миллиондаған қаражат керек дейді олар.

«Бұйрық шыққан. Ол бұйрық бойынша көптеген кабинеттерді жабдықтау керек болады. Жабдықтаған кезде медициналық жабдықтар бойынша көбісі сәйкес келмейді. Бірақ оны орындауға кәсіпкердің әрқайсысының шамасы жоқ. Қаншама адам жұмыссыз отыр. Қаншама шығын кетіп жатыр», – деді тәуелсіз кеңесші Дәурен Нұрсапа.

Кәсіпкерлер енді  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасынан көмек сұрап отыр.

«Қазір ең алдымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі комитет шығарған қорытындыларды қайта мұқият қарап шығуы керек. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі лицензия алмаған мекемелерде тексеріс жүргізуі тиіс», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Бақыт Зайырқан.

Ал министрліктегілер жағдайды бақылауға алғанын айтады. Бүгінде арнайы құрылған комиссия жергілікті медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тексеріс жұмыстарын бастап кетіпті.

«Біз құрған комиссия қазір ішкі бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қандай да бір заңбұзушылық анықталған жағдайда біз міндетті түрде шара қолданамыз. Яғни, жауапкершілікке тартамыз. Өтініштерді қайта қарап шыққан соң, келіп түскен шағымдарға жауап қайтарамыз», – деді  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комитет төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова.

Айта кетейін, 2019 жылғы мәлімет бойынша медициналық кәсіппен айналысуға 2500-ге жуық өтініш түскен. Оның тек 800-іне ғана рұқсат берілмепті.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров