|
26.06.2020 | 23:11
1424

Бизнес бастау: Алматыда көпбалалы ана ерекше балаларға арналған орталық ашты

Ерекше күтімді қажет ететін олар енді білікті мамандардан тәлім-тәрбие алады

Бизнес бастау: Алматыда көпбалалы ана ерекше балаларға арналған орталық ашты dara.kz

Мемлекеттен алған грант кәсіп бастауға түрткі болды. Алматыда көпбалалы ана мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытатын орталық ашты. Ерекше күтімді қажет ететін олар енді білікті мамандардан тәлім-тәрбие алады. Дене жаттықтырып, қоғамдық ортаға икемделеді. Әзірге нысан тек 15 балаға арналған. Десе де жас кәсіпкер болашақта бизнесін кеңейтуді көздейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Алматыда көп балалы ана «Бизнес бастау» атты 1 айлық курсты аяқтап, кәсіп ашты. Мемлекеттен 505 мың теңге грант ұтып алған келіншек оған қажетті құралдарды сатып алған. Осылайша, ол бірнеше жыл еткен ұстаздық қызметін кәсіпкерлікке алмастырды. Жаңадан ашылған орталық жетекшісінің де бір баласы мүмкіндігі шектеулі жан. Сондықтан келіншек көп ананың басындағы қайғыны түсінеді. Ал дамыту орталығы әсіресе аутист балаларды көпшілік ортаға бейімдеп, ой өрісін дамытуға көмектеседі дейді.

«Барып жүрген мекемелеріміздің сабақтарын бірге біріктіру керек деген ой келді. Аналарға да жеңілдік болады. Мысалы, баланы 3 сағатқа әкеледі. Бұл жерде ЛПК жасаймыз, логопед-дефектолог, изо терапия, музыка терапиясы бар. Болашақта тағы да қоса береміз біз. Неше түрлі еңбекке үйретеміз бұндай балаларды», – деді көп балалы ана, орталық жетекшісі Гүлжан Бекебаева.

Орталықта әзірге 4 маман жұмыс істейді. Дегенмен жуық арада олардың қатары толығуы мүмкін. Ал дамыту орталығының жетекшісі ашылмас бұрын, 2 ай Грузияда тұрып, жаңа әдістерді үйреніп келген. Кейін 1 ай жалға алу үшін бос нысан іздепті. Бұрын баласын дамыту үшін ол ай сайын кем дегенде 150 мың теңге жұмсағанын айтады. Ал өзі ашқан орталықта баға анағұрлым арзан деп отыр.

«Орталықта мысалы таңертең 09.00-дан сағат 13.00-ге дейін баланы тастайтын болса, оған біз 60 мың аламыз. Аптасына үш реттен келеді. Егер аптасына екі рет үш сағаттан келетін болса, оған 40 мың аламыз. Өйткені бұл өте арзан деп ойлаймын. Мен өзім баламды тасыған кезде аптасына 2 сағатқа 2 ретке 60 мың төлегенмін тек ЛПК ғана. Және логопедке  бөлек төлегенмін», – деді көп балалы ана, орталық жетекшісі Гүлжан Бекебаева.

«Бизнес курстарын өтіп, мемлекеттік гранты ұтып алған көп балалы аналарымыз да бар. Былтырдың өзінде 100 шақты анамыз осы грантты ұтып алып, өздерінің ісін, кәсібін ашып отыр. Мүгедек балаларды оңалту өте қиын. Ата-аналарына қиындық туғызады. Яғни, ата-ананың біреу міндетті түрде жұмысбасты бола алмайды. Жұмысқа тұра алмайды», – деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау үшін мейірімді жандар да көмектескен. Бірі бөлмелерді ойыншыққа толтырса, енді бірі компьютер сатып алып беріпті. Сондай-ақ, Алмалы аудандық «Бақытты отбасы» орталығы жуық арада аспаптар сатып алып беруге уәде еткен.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир