Атырау облысында бір жарым жасар бала қызылшадан көз жұмды
Атырау облысында бір жарым жасар бүлдіршін қызылша жұқтырғаннан кейін көз жұмды. Бала бір айға жуық аудандық ауруханада ем қабылдаған. Жағдайы ауырлаған соң санитарлық авиация арқылы облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Бұл туралы Атырау облыстық инфекциялық ауруханасының директоры мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty TV.
Нұрбек Үкібаевтың айтуынша, бала 14 қараша күні Жылыой аудандық ауруханасынан санитарлық авиация арқылы ауыр жағдайда жеткізілген. Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, тиісті медициналық көмек көрсетілген. Алайда бүлдіршін көз жұмды.
«Бала бізге өте ауыр жағдайда жеткізілді. Қабылдағаннан кейін бірден реанимация бөліміне ауыстырылды. Қажетті медициналық көмек көрсетілді. Дегенмен баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Ауруханаға түскен кездегі диагнозы – өкпенің жедел қабынуы, тыныс алу жеткіліксіздігі. Қызылша қосалқы диагноз ретінде көрсетілді», – деді Атырау облыстық инфекциялық ауруханасының директоры Нұрбек Үкібаев.
Мамандардың мәліметінше, науқастың ағзасынан өзге де ақаулар анықталған. Жалпы облыста қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жыл басынан бері дәрігерлерге жүгінген тұрғындардың 75 пайызы аурудан толық айыққан.