Балалардың күрделі қан тамырлары ауруына қарсы жаңа емдеу әдісі енгізілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қан тамырларының туа біткен күрделі ақауы бар балаларға арналған жоғары технологиялық операциялар енді елімізде жасалады. Бұған дейін мұндай көмекке мұқтаж науқастарды шетелге жіберуге тура келетін. Енді қажетті емді Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында алуға болады. Мұнда алғашқы сегіз балаға ота жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстанда жыл сайын 40-тан астам бала тамыр мальформациясымен дүниеге келеді. Бұл – қан тамырларының дұрыс қалыптаспауынан пайда болатын дерт. Оны дер кезінде емдемесе, баланың ағзасында қан кетіп, жүріп-тұруы қиындауы мүмкін. Бұған дейін ауруы асқынған балаларды емдеу үшін шетелге жіберуге тура келетін. Осы мақсатта 2021–2024 жылдары мемлекет тарапынан 437 миллион теңге бөлінген. Алайда қомақты қаражатқа жылына небәрі 10–20 науқас шетелде ем қабылдай алған.

Жаңа емдеу әдісі дәрілік терапияны қысқа электр импульстерімен ұштастырады. Импульстер препараттың зақымданған тінге енуін жеңілдетеді. Соның нәтижесінде дәрінің мөлшерін азайтып, бала ағзасына түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік бар.

Бұл үшін орталыққа Италияда жасалған арнайы аппарат сатып алынған. Сонымен қатар төрт дәрігер Германиядағы Галле университеті клиникасында теориялық және тәжірибелік дайындықтан өткен. Алғашқы оталар да осы шеберлік сабағы аясында жасалды.

Жаңа әдіспен ем қабылдаған балалардың бірі – Семей қаласының тұрғыны. Анасының айтуынша, баласына беті мен көмейінің веноздық мальформациясы диагнозы қойылған. Бұған дейін отбасы талай ем іздеп, шетелдік мамандардың көмегіне жүгінуді ойлаған.

«Абай облысы, Семей қаласынан келіп отырмын. 17 қараша күні осы Педиатрия орталығына түстік. Баламның диагнозы – бетінің жартысы мен көмейінің веноздық мальформациясы. Германиядан профессор келеді дегенде қуанышымда шек болмады. Емнің нәтижесі жақсы, әсері бар. Енді шетел аралап, ем іздеп жүрмейтін шығармыз деген ойдамыз», – деді науқастың анасы Жанар Серікбаева.

«Орталық Азия мен ТМД елдерінде балалардың қан тамырлары аномалиясын емдеуге арналған жоғары технологиялық операция – блеомицинмен электросклеротерапия алғаш рет жасалды. Ерекше назар аударатын науқасымыз Семей қаласынан келді. Ол осы уақытқа дейін елімізде және Мәскеуде 12 рет ем алған. Баланың ауыз қуысы, тілі мен жұтқыншағына таралған мальформациясы бар. Бүгін осы әдіспен алғашқы операциясын жасадық. Енді тағы бір-екі ота жеткілікті болуы керек», – деді хирург Бекайдар Әбдіқадірұлы.

Орталыққа қажетті аппарат «Өмірге дем берейік» қайырымдылық жобасы аясында сатып алынған. Мамандарды арнайы оқыту да осы бастама шеңберінде жүзеге асқан. Жобаның жалпы құны 117 миллион теңгеден асады. Енді орталық еліміздің түкпір-түкпірінен жылына 50-ге жуық баланы қабылдай алады. Емдеу курсы әр науқастың жағдайына қарай жеке белгіленеді.

Айжан Дайрабай, «Алматы» телеарнасы.