Адам папиллома вирусы: елімізде екпе егу басталды

Online Marketing / Unsplash
Online Marketing / Unsplash

Екпе тек ата-ана рұқсатымен салынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда қыздарды адам папиллома вирусына қарсы вакциналау басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Адам папиллома вирусына қарсы екпе әлемнің 135 елінде қолданылады. Нәтижесінде кей мемлекеттерде әйелдерде жиі кездесетін қауіпті кеселдің таралуы 90пайызға дейін төмендеген. Ал елдегі жағдай керісінше. Бас онкологтың сөзінше, жатыр мойны обыры жасарған. Қатерлі ісіктің бұл түрі жас қыздарда жиі кездесіп жатыр.

"Папиллома вирусына қарсы епке салу елімізде 2013 жылы басталды. Қазір статистика әр 2 күн сайын 3 әйелдің жатыр мойны обырынан қайтыс болатынын көрсетіп отыр. Бізде бұл аурумен күресетін мүмкіндік бар. 150-ден астам елде вакциналау қабылданды. Аустралия мен Италия жатыр мойны обырының алдын алды деп мәлімдеме жасады. Ерте жастан бастан вакциналау, сондай-ақ скрининг жүргізіледі. Қазақстанда скрининг 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер үшін тегін жүргізіледі", – деді ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова.

Вакциналау 11 жастағы қыздарға жоспарлы тәртіппен салынады. Ал 12 -13 жастағы бұрымдыларға толықтыра иммундау жүргізіледі. Екпе кезінде ата-ананың келісімі ескеріледі. Олардың рұқсатынан соң алғашқы дозасы егіледі. Кейін 6 ай аралық мерзіммен екі рет егу қарастырылған. Елде 175 мың қыз балаға жатыр мойны обырына қарсы вакцина салу жоспарланған. Екпенің екінші дозасы қарашада жеткізіледі.

"Вакцина барлық өңірге жетті. Оның ішінде Қарағанды, ШҚО, БҚО, Павлодар, Жетісу, Түркістан, Ақмола, Ұлытау облыстары мен Астана қаласында адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау жұмысы басталып жатыр. Осы аталған өңірлерде 1600-ден астам қыз балаға егілді", – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева.

Ресми дерекке сүйенсек, елде жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жылына қатерлі ауру диагнозы 1800 әйелге қойылады. Дерт орта жастағы  әйелдердің арасында кеңінен тараған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы

Оқи отырыңыз:Атырауда қоқыс полигонындағы қалдықтардан ауру көбейіп жатыр

Новости партнеров