Жедел жәрдем мамандары енді SOS түймесі бар бейнежетон тағады

Ол арнайы камерамен, геолокация жүйесімен жабдықталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 468 смарт-бейнежетон берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шағын құрылғы оқиға орнындағы жағдайды бейнетаспаға түсіріп, қауіп төнген жағдайда полицияға жедел хабар жіберуге мүмкіндік береді.

Өзгенің өмірін құтқаруға асыққан дәрігерлердің өздері де кейде қауіп-қатерге тап болады. Мәселен, биыл Алматыда медицина қызметкерлеріне 11 рет шабуыл жасалған. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін жедел жәрдем мамандарына арнайы бейнежетондар табысталды.

«Бүгін жедел жәрдем қызметі үшін қуанышты күн. Қызметкерлерімізге жалпы саны 468 бейнежетон берілді. Бұл құрылғылар Алматы қаласы әкімдігінің жергілікті бюджеттен бөлген қаражаты есебінен, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен тапсырылып отыр», – деді Медициналық жедел жәрдем қызметі КМК директоры Арман Тойбеков.

Алматы қаласы бойынша тәулігіне 2,5–3 мың шақырту түседі. Оның ішінде №6 қосалқы станция қызметкерлері күн сайын 220–250 шақыртуға барады.

«Сондықтан бейнежетондар қызметкерлердің де, науқастардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында таратылып жатыр. Себебі шақырту кезінде түрлі жағдайлар болуы мүмкін», – деді №6 жедел жәрдем қосалқы станциясының меңгерушісі Гауһар Ермаханқызы.

Смарт-бейнежетон арнайы камерамен, геолокация жүйесімен және SOS түймесімен жабдықталған. Қызметкерге қауіп төнген жағдайда түймені басу арқылы полицияның Жедел басқару орталығына дабыл жіберіледі. Тәртіп сақшылары медицина маманының орналасқан жерін анықтап, оқиға орнына жедел жетеді. Құрылғыға жазылған бейнежазбалар 30 күн бойы сақталады.

Айта кетейік, жыл соңына дейін еліміз бойынша 2 100 жедел жәрдем бригадасы мен 3 800-ден астам медицина қызметкерін смарт-бейнежетонмен қамту жоспарланған. Жоба «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков, Almaty TV