ЖРВИ: аурушаңдық қай өңірлерде жоғары

23.11.2026 21:12

Күздің соңына қарай елімізде жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар саны артып, әсіресе балалар арасында аурушаңдық жиілеп отыр. Астанада бір апта ішінде 21 мыңнан астам адам инфекция жұқтырған. Ата-аналарды алаңдатқан бұл жағдайға қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылар саны азайған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-дің нақты қанша жағдайы тіркелді? Балалар арасындағы аурушаңдық деңгейі қандай? Бұл сұрақтарға Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Темірлан Сейітбек тікелей эфирде жауап берді.

Маманның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі ЖРВИ мен тұмау бойынша апта сайын мониторинг жүргізеді. 2026 жылғы 12–18 қараша аралығында елімізде инфекцияның 133 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 6 пайызға, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе төмен.

«Қазіргі таңда Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2026 жылғы 12–18 қараша аралығында, яғни соңғы аптада ЖРВИ инфекциясының 133 мыңға жуық жағдайы тіркелді. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 6 пайызға төмен. Ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе аз», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Темірлан Сейітбек.

Жалпы эпидемиологиялық маусым басталғалы бері ЖРВИ-дің 1 миллион 400 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Оның ішінде 9 өңірде сырқаттанушылар көрсеткіші артқан. Атап айтқанда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласында аурушаңдық жоғары. Ал 14 жасқа дейінгі балалар арасында 933 мыңға жуық жағдай анықталған. Бұл жалпы көрсеткіштің 64 пайызын құрайды.

«Жалпы эпидемиологиялық маусым басталғалы бері ЖРВИ-дің 1 миллион 400 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның ішінде 9 өңірде сырқаттанушылар көрсеткіші артты. Олардың арасында Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласында аурушаңдық жоғары. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балалар арасында 933 мыңға жуық жағдай тіркелді. Бұл жалпы көрсеткіштің 64 пайызын құрайды», – деді Темірлан Сейітбек.

ЖРВИ мен тұмау жағдайларының көбеюі халықтың вакцинацияға деген сұранысына да әсер еткен. Қазіргі уақытта тұмауға қарсы 2 миллионға жуық адам вакцина алған.

«Қазіргі таңда тұмауға қарсы 2 миллионға жуық адам вакцина алды. Тұмауға қарсы вакцинация – аурудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі. Ол аурудың асқынуына жол бермейді, сондай-ақ пневмония сияқты асқынулардың алдын алуға көмектеседі», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Темірлан Сейітбек.

Толық көрсету