Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғамдық кеңесінің кезектен тыс отырысында кеңес төрағасы қайта сайланды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Антикорға сілтеме жасап.
Бұған дейін бұл қызметті «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма Төрағасы болған Дархан Қыдырәлі атқарып келген, ол басқа лауазымға тағайындалуына байланысты өкілеттігін тоқтаттты.
Сонымен қатар, Марат Бәшімов - кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы және Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары.
Өз кезегінде Қоғамдық кеңестің жаңадан сайланған төрағасы әріптестеріне сенім білдіргендері үшін алғысын білдіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін хабарлады.
Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес мүшелері азаматтарды жемқорлыққа қарсы күрестен тыс қалмауға және жемқорлықтың барлық белгілері туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына 1424 нөмірі бойынша хабарлауға шақырды.