Конституциялық Соттың судьялары тағайындалды

baq.kz
baq.kz
Олар өз қызметіне 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап кіріседі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Конституциялық Соттың судьялары тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv.


Конституциялық сот бұрынғы Конституциялық кеңестің орнына құрылды. «Кеңестің орнына сот құрылып, оған кез келген азамат оп-оңай жүгіну керек» деген еді Президент. Кеше Сенат депутаттары осы Конституциялық соттың үш судьясын тағайындады. Бүгін төменгі палата өздерінің таңдауын жасап, тағы үш судьяны бекітті. Арасында Әділет министрі болған Қанат Мусин бар. Оның айтуынша, Контитуциялық сотқа жеке тұлға шағымдана алады. Алайда оның да өзінің тәртібі бар.

«Даудың барысында сот бір нормативтік құқықтық акт қолданса, сол актіні конституцияға сәйкестігін тіркеп, тексеру үшін адам конституциялық сотқа жүгіне алады. Тағы бір ереже бар. Ол да сот шешімімен байланысты. Егер де жоғарғы соттың нормативтік қаулысына сәйкес, бұл заң басқаша, тек қана бір жолмен қолданылса, онда соттың шешімінсіз Конституциялық сотқа шағымдануға болады», – деді Конституциялық соттың судьясы Қанат Мусин  

Яғни егер әділетсіздікке тап болсаңыз, бірнеше сотқа шағымданып, оның шығарған шешімімен келіспесеңіз, осы Конституциялық сотқа жүгінуге болады. Мәжіліс депутаттары бүгін Қанат Мусиннен бөлек, тағы екі адамды судья етіп тағайындады. Мәжілісмен Арман Қожахметов кандидаттардың барлығы білікті маман деп сендірді.



«Қанат Сергейұлы Мусинді өздеріңіз жақсы білесіздер, құқықтық қорғау, әділет органдарында көп жыл еңбек етті, Парламент Мәжілісінің депутаты, комитет төрағасы болды. Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев әйгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, конституциялық реформа бойынша жұмыс тобының мүшесі. Қазіргі уақытта Еуразия Ұлттық университетінің проректоры. Сергей Федорович Ударцев те атақты ғалым, заң ғылымдарының докторы, конституциялық реформа бойынша жұмыс тобының мүшесі. Бұрын Конституциялық Соттың судьясы болған. Қазіргі таңда М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ Университетінің ғылыми зерттеу институтының директоры. Аталған кандидатураларды қарау нәтижелері бойынша Комитет оң қорытынды әзірледі. Конституцияның 57-бабы 1)-тармақшасына сәйкес, ҚР Конституциялық Сотының судьясы лауазымына Парламент Мәжілісінің төрағасы ұсынған Қ. Мусинның, С. Ударцевтің және Е. Оңғарбаевтың кандидатураларын 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындауды қолдауларыңызды сұраймын», – деді А. Қожахметов.

Жалпы отырыста палата депутаттары аталған адамдарды Конституциялық Сотының судьясы қызметіне тағайындау туралы ұсынысты қолдады.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Сергейұлы Мусин Қазақстан Республикасының Әділет министрі лауазымынан босатылды.

Бұдан бұрын хабарлағандай, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Соттың төрағасы қызметіне Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы ұсынды.

Сенат депутаттары ашық дауыс беру арқылы Э. Азимованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Сонымен қатар, бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Конституциялық Соттың судьялары тағайындалды.

Новости партнеров