Мемлекет басшысының жарлығымен Олег Крук Павлодар облысының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Олег Павлович Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалсын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев
Астана, Ақорда, 2022 жылғы 1 желтоқсан», - деп жазылған Президент Жарлығында.
Олег Крук 1967 жылы туған, Павлодар индустриалдық институтын бітірген. Өнеркәсіптік жылу энергетикасы инженері біліктілігі бар. Павлодар облыстық мәслихатының VІ шақырылым депутаты болған.
Еңбек жолын Павлодар үшінші Жылу электр орталығында (ЖЭО) монтер болып бастады. Ұзақ жылдар бойы Павлодар қаласының тіршілікті қамтамасыз ету кәсіпорындарында жұмыс істеді.
2007 жылы Павлодар облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментін басқарған.
2008 жылдан 2012 жылға дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Осы лауазымда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, құрылыс және көліктік инфрақұрылым мәселелеріне жетекшілік етті.
Кейінгі жылдары «Казэнергокабель» акционерлік қоғамының бас директоры, Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры болып жұмыс істеді.
Осыған дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.