Күнсұлу Закария Ұлттық ғылым академиясының президенті болып тағайындалды

12.04.2023 19:33
Фото: gov.kz

Күнсұлу Закария Ұлттық ғылым академиясының президенті болып тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысының өкімімен Күнсұлу Дальтонқызы Закария ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.

Күнсұлу Дальтонқызы әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, СOVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in (QazVac) қазақстандық вакцинасын әзірлеуге қатысқан.

«Биоқауіпсіздік және биотехнология» ғылыми журналының бас редакторы. 200-ден астам ғылыми жарияланымның, 8 ғылыми-әдістемелік құралдың, 5 монографияның, 29 өнертабысқа берілетін патенттің, оның ішінде 2 халықаралық патенттің, сауықтыру және диагностикалық препараттар өндірісі бойынша 7 нормативтік-техникалық құжаттың авторы.

2022 жылдың 22 тамызында «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директорының лауазымына тағайындалды. Оған дейін ҚР ДСМ «Биологиялық қауіпсіздік мәселесін ғылыми-зерттеу институты» РМК бас директоры қызметін атқарды.