Астанада наразылыққа шыққан мұнайшылар Жаңаөзенге қайтты

12.04.2023 18:46

Мұнайшылар қолдау білдірген жерлестеріне ризашылығын білдіріп, видеоүндеу жолдады

alataunews.kz

«БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері қамаудан босатылып, пойызбен Жаңаөзен қаласына кетті. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясынан мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«ҚМГ байланыс тобы мен «БерӘлі Маңғыстау Company» өкілдері арнайы жұмыс комиссиясын құру туралы келісімге келді.

Ол комиссия «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің талабын заң аясында шешу үшін қарастыратын болады. Комиссия құрамына «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің 10 адамы кіреді.

«Құқық қорғау органдары ұстаған қалған мұнайшылар босатылып, Астана уақыты бойынша 8:57-де пойызбен Жаңаөзен қаласына кетті», – деп атап өтті компаниядан.

Мұнайшылар да Астананың теміржол вокзалынан видеоүндеу жасап, өздерінің дін-аман екенін айтып, қолдау білдірген жерлестеріне ризашылығын білдірген.