Алматыда жаңа отбасылық демалыс орны пайда болады

19.09.2021 23:47

Қала күнінде мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев отбасылық демалыс орнының жобасымен танысты

Almaty.tv

Жаңа Алматыда заманауи отбасылық демалыс саябағы ашылады. Наурызбай ауданында салынатын Alem деп аталатын бұл саябақта тұрғындарға арналған 44 аттракцион мен 4 фудкорт орналасады. Жалпы алдағы 2 жылда осындай 12 нысан бой көтермек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалада тұрғындар серуен құрып, көңіл көтеретін, демалатын және спортпен айналысатын қоғамдық орындарды жақсартуға жіті көңіл бөлініп келеді. Мәселен, Алатау ауданында келесі жылға 60-тан астам жоба қарастырылған.  

«Біздің аудан тұрғындары бұрын қаланың орталығына барып демалатын. Мысалы, Панфилов, family саябағына баратын. Қазір бәрін өзіміздің Алатау ауданында жасап жатырмыз», – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Бектас Сәбитов.

Бүгінде жас буынды спортқа баулу үшін Алатау ауданында дене шынықтыру алаңдары мен скейт жолдар, сондай-ақ, жалпы шаһар тұрғындарына арналған саябақтар салынды.

Жаңа Алматыда жаңа саябақ ашылмақ. Наурызбай ауданында орналасқан Alem саябағының құрылысы қыркүйек айында басталып, 2022 жылы қолданысқа берілмек. Көріктендіру жұмысының нәтижесінде, шамамен 5 гектар жерде тұрғындарға арналған балалар мен спорт алаңы салынбақ. Осылайша, Алматының мәдени объектілеріне келушілер санының артуына ықпал етеді.

Қала күнінде мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев дәл осы отбасылық демалыс орнының жобасымен танысты. Жаңа Алматы тұрғындарымен кездесіп, мерекемен құттықтады.

«Балалардың дамуы үшін өте қажет нәрсе. Үйде отырған кезде осы жерге келіп ойнайды. Саябақ салуға көңіл бөлгені қуанышты жағдай», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Айгерім Әпенова.

Көлемі 4,5 гектар аумаққа салынғалы жатқан отбасылық демалыс орнының негізгі идеясы - көркем табиғат ландшафтын заманауи ойын-сауық технологияларымен үйлестіру. Сондықтан бұл саябақ балалармен қатар, ересектердің де серуен құратын сүйікті орнына айналмақ.

«5 гектарлық жердің барлығы абаттандырылып, 30-дан аса алаңдар салынатын болады. Жалпы Алматы қаласының бас жоспарына сәйкес, осы біздің аудан бойынша Алатау және Төле би көшелерінің қиылысында да жаңа саябақтың құрылысы қарастырылған», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дәндібаев.

Айта кетсем, саябақ аумағына 500 көшет отырғызылып, Alem Park болашақта отбасылық демалыс орны ретінде ғана емес, гүл құлпырған қалашық болмақ. Мұнда отбасылық жарыстар өтіп, балалар мейрамында түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады.

Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы