|
09.04.2021 | 16:20
2210

Жаңа Алматы: қаланың шеткі аудандарында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Аудан мектептеріндегі орын жетіспеушілігін азайту мақсатында Наурызбай ауданында екі бірдей мектептің құрылысы салынып жатыр

Жаңа Алматы: қаланың шеткі аудандарында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Адамзатты әбігерге түсірген пандемияға қарамастан Алматының шеткі аудандарында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мысалы, бір ғана Алатау ауданында былтыр 6 жекпе-жек орталығы мен 4 шағын футбол алаңы салынған болса, биыл 149 шаршы метрді құрайтын теннис орталығының құрылысы жүріп жатыр. «Жаңа Алматы» бағдарламасы шеңберінде шеткі аудандарда жасалып жатқан жұмыстар жайлы Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Алатау ауданында құрылысы жүріп жатқан жаңа теннис орталығының аумағында 10 ашық және 4 жабық теннис корты бар. Екі қабатты ғимаратта техникалық және әкімшілік бөлмелер мен жертөле қарастырылған. Осы жылдың аяғында қолданысқа берілетін әлеуметтік нысан жастарды спортқа баулып, олардың салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізбек дейді жауаптылар.

«Бүгінгі келіп тұрған ғимарат теннис орталығы. Бұл Алатау ауданында қазіргі таңда 2020 жылы маусым айында басталып, 2021 жылдың желтоқсан айында бітеді деген жоспардамыз», – деді Алатау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ербол Қалдарбеков.

Аудан мектептеріндегі орын жетіспеушілігін азайту мақсатында Наурызбай ауданында екі бірдей мектептің құрылысы салынып жатыр. Одан бөлек, Ақжар шағын ауданында №186 мектепке қосымша жапсарлас нысанның құрылысы жүруде. Бұл білім беру мекемесін 600 орынға кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Аудан мектептерінде орын жетіспеушілік 2319  құрап отыр бүгінде. Орын жетіспеушілікті жою мақсатында 1500 және 1800 орынға арналған Қалқаман шағын ауданында 2 мектептің құрылысы басталды. Яғни, қазір осы тұрған объектіміз 1800 орынға арналған мектеп. Биыл қаңтар айында басталды», – деді Наурызбай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мадина Шонабаева.

Айта кету керек, қазір Наурызбай әкімдігі жанынан 1500 орынға арналған оқушылар сарайының құрылысына жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда.

Сая Меңдеке, Ұлжалғас Өтебаева, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир