|
31.12.2020 | 20:05
2531

Жаңа Алматы: Биыл құны 209,3 млрд теңге болатын 55 жоба жүзеге асты

Халықтың пікірі қандай?

Жаңа Алматы: Биыл құны 209,3 млрд теңге болатын 55 жоба жүзеге асты

«Жаңа Алматы» даму жоспары аясында қала түрленіп, әр салада ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Әсіресе, бұқараның әлеуметтік жай-күйі мен өмірін оңтайландыратын жобалар көптеп іске асуда. Сан-саланы қамтыған кешенді жобада шеткі аудандар мәселесі ерекше назарға алынған. Бір жылда атқарылған шаруа қандай? Халықтың пікірін білген Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтсын.

Қала әкімінің өткен жылғы аудан тұрғындарымен кездесуінде айтылған мәселелер «Жаңа Алматы» даму жоспарында толығымен қамтылды. Нәтижесінде 9 әлеуметтік сала бойынша жұмыс жүргізілуде. Ең өзекті мәселе – қаланың шеткі аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету болатын. «Жаңа Алматы» даму жоспары аясында ұзындығы 300 шақырым болатын су құбыры мен кәріз жүйелері тартылды. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде 50 мың тұрғын орталықтандырылған су мен кәріз жүйесіне қосылмақ. Ал, қазір Алатау, Наурызбай ауданының 8 мың тұрғыны ауыз сумен қамтылды.

«Бұрын үйлерде кәріз құдығы болатын. Ал, енді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосқалы жатыр. Бұл аудан тұрғындары үшін үлкен жаңалық болып отыр, әр жыл сайын ауданымыз өркендеп келеді», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Балжан Айбасова.

«Әр жерде бірінші мәселе су ғой. Жарық бар, газ бар. Су алдағы жылы болады деп жатыр. Енді мына жұмыс жүріп жатқасын болады деп ойлаймыз», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Бақытжан Палтушев.

«Жаңа Алматы» жоспарының басты бағытының бірі – көшелерді жарықтандыру. Жыл басынан бері шеткі аудандардағы 965 көшеге жарық шамдары орнатылды.    

«Бұл балалар үші өте жақсы болды, мысалы, бізде қалаға барып келіп оқитын балалар бар ғой. Таңертең өте қараңғы болатын еді. Қайтқанда да қараңғы. Қазір көшеде жарық бар, көшенің басына дейін жалғыз адам қорықпай жүре береді», – деді Алатау ауданының тұрғыны Гүлсім Майбасова.

«Осыдан 3-4 жыл бұрын көше түгілі жеке үйлерде электр жарығы жиі өшетін. Биыл 3-4 айдың ішінде көшені де жарқыратты, үйлердің жарығы өшпейтін болды», – деді Алатау ауданының тұрғыны Нұрбол Әлдібаев.

Аудан тұрғындары бірнеше жыл бойы жол азабын тартып, тротуарлардың жоқ екенін айтқан еді. Қала әкімінің тапсырмасымен енді бұл мәселе де өз шешімін тапты. Жыл басынан бері Алматыда 283 көше жолы күрделі жөндеуден өтті. Сөйтіп, жол-көлік инфрақұрылымының жаңаруы 80 пайызға жетті.

«Енді шүкір қазір бәріне жетіп жатырмыз. Біраз жыл болды осының бәрі көз алдымызда өтіп жатыр. Жол түсті, ешқандай кем емес. Асфальтымыз бар, тротуар бар, арығымыз да бар», – деді Алатау ауданының тұрғыны Дариға Сокубашева.

«Бұрын бұл жерден аяғымызға целлофан киіп, орталық көшеге шағатынбыз. Асфальт болмаған. Қазір асфальтымыз бар, жарықтандыруымыз бар. Алматы, Алатау ауданы әкімдігіне рахмет», – деді Алатау ауданының тұрғыны Лаура Әлимағанбетқызы.

Одан бөлек, қазір қалада тағы да осындай 4 ірі саябақ пен 5 жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүріп жатыр. «Жаңа Алматы» жобасы аясында биыл құны 209,3 млрд теңге болатын 55 жоба іске асып, халық игілігіне берілді.  

Ұлағат Арғын

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир