Алматыда үшінші жастар ресурстық орталығы ашылды

24.07.2020 23:54

Жуық арада Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен 1 гектар жерге алып мәдени орталық тұрғызылмақ

Аlmaty.tv

Алматыда осымен үшінші жастар ресурстық орталық Наурызбай ауданында ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Енді мекеме жұмысқа орналастыру, кәсіптік бағдар беру, кәсіпкерлік пен шығармашылықты шыңдаумен айналысады. Сондай-ақ, жастарға психологиялық қолдау көрсетіп, ойда жүрген жобаларын жүзеге асыруға септеседі. «Шұғыла» ықшамауданында ашылған орталықта жұмыспен қамтудың, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері де жұмыс істейді. Оған қоса, шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, мотивациялық кездесулер өтеді.

«Аудан бойынша барлық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік емес мекемелер білім саласында, денсаулық сақтау саласында әр түрлі бизнес өкілдеріне жастар қызмет атқарып жүр. Солардың басын қосып, біріктіріп, солармен бірге әлеуметтік, экономиклық, саяси бұқаралық қоғамдық шараларға қатысатын нағыз орталық керек болған. Ол бүгін ашылды. Өзінің септігін тигізеді деп ойлаймыз», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев.

Айта кетейік, Наурызбай ауданында 11 мыңнан аса жас бар. Жуық арада Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен 1 гектардай жерге алып мәдени орталық тұрғызылмақ. Онда жастарды жан-жақты дамытатын, атап айтқанда ғылыммен, спортпен айнылысуға мүмкіндік беретін оқушылар үйі де орналасады.