|
14.09.2020 | 22:05
8577

Алматы әкімдігі "Шеберлер ауылының" коммуналдық қызмет мәселесі шешілетінін хабарлады

Аумақ 2014 жылы Алматы облысынан қалаға өткен. Бостандық ауданы әкімдігі коммуналдық қызметтің кешігуі аудандағы бірнеше үйдің заңдастырылмаған болуымен түсіндіріп отыр

 Алматы әкімдігі "Шеберлер ауылының" коммуналдық қызмет мәселесі шешілетінін хабарлады almaty.tv

Бұл – қаладан шалғай жатқан Көкшоқы елді мекені. Оны алматылықтар ертеден бері Шеберлер ауылы деп атап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Себебі қолөнер мен зергерлік бұйымдар жасайтын 40-қа жуық шебер тұрады мұнда. Солардың бірі – Марат Бозымбаев. Көкшоқыда  30 жылдан бері тұрып келеді. Ұстаның қолынан шыққан қазақтың музыкалық аспаптары мен ертұрмандарын «Қазақфильм» киностудиясы жиі қолданады. Бірақ декорацияға қажетті керемет дүниелердің суы, газы жоқ мекенде жасалатынын екінің бірі біле бермейді.

«Газ жөнінде айтатын болсақ, мына трубаларды тартқанына 2 жыл уақыт болды. Осы трубаға қарап телміргенімізге екі жыл уақыт болды. Әлі газ қосылған жоқ. 30 жыл болды, бала-шаға, келіндер көмір-күл шығарып қыстың күні азабын тартып келеді. Газды тездетіп қосса. Ешқандай жағдай жоқ ауылда», – деді ауыл тұрғыны Марат Бозымбаев.

Көгілдір отынның жоқтығы жалғыз проблема емес. Ауыз су да кезек күттірмей шешілуі керек мәселе мұнда. Аудан тұрғындары өз күштерімен мына тұрбаны бұлақтың басынан тартып қойған. Қазір олар жаңбыр жауса, жауын суы, қыс болса қар суы араласқан тіршілік нәрін пайдалануға мәжбүр. Халықты қынжылтатыны да сол. Аудан әкімдігі осыдан екі жыл бұрын көгілдір отын мен ауыз судың тұрбасын тартып, дайындап қойған. Соңында іс аясыз қалыпты.

«Ауылымызда көшені жарықтандыру мен жол да үлкен мәселе болып отыр. Көлік жүретін жолдар өздеріңіз байқағандай ойқыш-ойқыш. Жөндеу көрмеген. Түнгі уақытта көшеде еркін жүре алмаймыз. Қараңғы, бәрінен бұрын балаларымыз үшін уайымдаймыз», – деді ауыл тұрғыны Индира Нұрғалиева.

Аумақ 2014 жылы Алматы облысынан қалаға өткен. Бостандық ауданы әкімдігі коммуналдық қызметтің кешігуі аудандағы бірнеше үйдің заңдастырылмаған болуымен түсіндіріп отыр.

«Жеке тұрғын үйлердің барлығына газ түсіріледі. Ал көп қабатты тұрғын үйге қазандықтың салынуы туралы жұмыстарын қарастырып жатырмыз. Қазір оның жобасы жасалып жатыр. Одан кейін су жүйесі мен кәріз жүйелері былтырғы жылдан бастап жұмыстар жүргізілді. Қазір техникалық құжаттардың дайын болған жағдайда қараша айының аяғында су жүйесі қосылады», – деді Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Серік Әділбаев.

Елді мекенде 5 көпқабатты тұрғын және 9 жер үй бар. 100-ден астам адам тұрады. 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир