|
Jol
14.09.2020 | 20:08
1197

Электр қуатының шамадан тыс артуынан Өжет тұрғындарының тұрмыстық техникасы істен шықты

Ашынған жұрт өтемақы төленуін талап етіп отыр

Электр қуатының шамадан тыс артуынан Өжет тұрғындарының тұрмыстық техникасы істен шықты almaty.tv

Өжет шағын ауданындағы тұтас бір көше тұрғындарының тұрмыстық техникасы зақымданды. Электр қуатының шамадан тыс артуы құны қымбат құрылғыларды істен шығарған. Ашынған жұрт өтемақы төленуін талап етіп отыр. Істің анық-қанығын Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызынан білейік.

Өжет шағын ауданындағы Әуезов көшесінің 1-үйі мен 37-үйі аралығында электр қуатының 350 вольтқа дейін артуынан көптеген техника күйіп кеткен. Ал қолайсыз ауа-райы кезінде тозығы жеткен сымдар үзіліп, көшеде жатады екен. Мұнда тіпті адам өлімі де орын алған.

Өжет шағын ауданының тұрғындары осыдан бірнеше жыл бұрын электр қуатының артуы салдарынан болған оқыс оқиғаны, әлі күнге дейін қорқынышпен еске алады. Содан бері талай жыл өтсе де, мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Әуезов көшесіндегі трансфоматор жаңа болғанымен, сымдары ескі. Электр қуаты тиісті 220 вольттың орнына 350-380-ге жетеді екен. Соның кесірінен тұрғындар қымбат тұрмыстық техникамыз күйіп кетті деп наразы. Машақаты көп көше тұрғыны Наталья Токареваның осы уақытқа дейін бес теледидары, үй телефоны, кондиционері, магнитафоны және бірнеше қуаттағыш құралы күйіп кеткен. Зейнеткер тіпті кейбірінің несиесін өтеген жоқпын дейді.

«Мұндай жағдай талай жылдан бері қайталанып келеді. Мен II топтағы мүгедекпін. Техниканы қалпына келтіру өте қымбат. Біз талай рет құзырлы мекемелерге хабарластық. Құрғақ сөзбен алдап келеді. Сонда біз оларға жарық үшін төлеуіміз керек екен, ал олардың тарапынан тұтынушы алдындағы жауапкершілік жоқ па, қалай? Бір-біріне сілтеп келеді. Сарапшы жіберіп, мәселенің мән-жайын анықтаса екен дейміз», – деді Өжет шағын ауданының тұрғыны Наталья Токарева.

Алматы қаласы мен облыс тұтынушылары үшін электр қуатын таратуды жүзеге асыратын «Алатау Жарық Компаниясы»  өкілі соттың 2007 жылғы өкіміне сәйкес бұл аумақтың жарық желілері иесіз деп танылғанын айтты. Демек, тұрғындар талап еткен өтемақыны да ешкім төлемейді. Жалпы бұл мекеме 544 иесіз қалған қуат желісін өз меншігіне өткізіпті. Ал Өжет шағын ауданына кезек әлі жеткен жоқ, дейді құзырлы мекеме өкілдері.

«ВЛ-04 Өжет ауданы, Әуезов көшесінің желілерін қуаттандырады. Бірақ бұл иесіз желілерге жатады. Біз қабылдаған I, II кезеңдерге кірмеді. Алдағы III кезеңге кіреді деп үміттенеміз. Сонда ғана біз бұл желілермен жұмыс жүргіземіз.  Бұл көшенің желілерін қайта құру жұмыстарының жоспарын құрып қойдық. Ол 2021-2025 жылдар аралығында іске асады», – деді «Алатау жарық компаниясының» Алматы қаласы тарату желілерінің басқарушы директоры Қайрат Бүркітов.

Иесіз желілерге жауапты мекеме қызметкерінің айтуынша, алдымен аудан әкімдігінен аталмыш аумақты келесі кезеңде «Алатау Жарық Компаниясы» иелігіне өткізу туралы нұсқаулық түсуі керек. Сонда ғана Әуезов көшесінде жарық желілерінің жөндеу жұмыстары жүргізілмек.  

«Біз қазір аудан әкімдігінен бұл иесіз желі аумағын Алатау Жарық Компаниясына өткізу туралы сұраныс күтіп отырмыз. Тұрғындардың шағымы назарға алынды. Бұл мәселені шешуге кірісіп кеттік», – деді Алматы қаласы Энергортиімділік және инфроқұрылымдылық даму басқармасының бөлім басшысы Шоқан Аманжолов.

Қазіргі таңда сот өкіміне сәйкес, қала бойынша иесіз деп танылған 180 жарық желісі «Алатау Жарық Компаниясының» иелігіне өтіп жатыр.

Жанар Ғаниқызы, Мейрам Исабеков, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир