Коммунистер Алматыдағы Ғани Мұратбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қайраткерге тағзым етті. Шарада жасампаз тұлғаның ерен еңбектері еске алынды. Ғани Мұратбаев – қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында мұғалімдер дайындайтын курстар ұйымдастырып, жастар мен жетім балалардың білім алуына мұрындық болды. Өз заманында комсомол ұйымдарының негізін салуға атсалысты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі бейнематериалында.
Бүгін коммунистер белгілі қайраткер Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойыды. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шарада қайраткердің еңбектері еске алынып, рухына тағзым жасалды.
«Жас та болса сондай үлкен дәрежеге жетіп, Мәскеуде, Қазақстан ғана емес бүкіл орта Азияның жастарының тауқыметін, олардың проблемаларын шешуге ат салысып, сонша жұмыс жасап үлкен із қалдырып аққан жұлдыздай бізден кетіп қалды. Бірақ біздің халқымыз мәдени мұра дейміз, асыл мұрамыз дейміз сондай ұлы батырларымызды біз әрқашан да еске алып ұмытпаймыз», – деді ҚКХП қалалық филиалының мәдени мұра және ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлдана Нұрпейісова.
Сыр өңірінде 1902 жылы дүниеге келген Ғани Мұратбаев – Қазалыдағы бастауыш мектепте білім алады. Кейіннен Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебі мен Орта Азия университетін тәмамдайды. 1919 жылы коммунистік жастар ұйымына қабылданып, мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырады. Ол ата-анадан айырылып, мөлдіреп қалған қазақ балаларын интернаттарға орналастыру ісіне белсене араласады.
«Ташкентке барып оқуға түскен ортада белсенді жұмыс істеген. 1917-19 жылдары ашаршылық кезі болатын. Ташкенттің көшесінде адамдар өліп жататын қазақтар, көшпелі қазақтар. Жетім қалған балалар сол кезде көп болатын. Ғани солардың басын құрап ұйымдастырып интернатқа апарып солай әрекет етіп жүретін. Алматыдан барғаннан кейін ол кезде Верный қаласының комсомол ұйымына жиірек қатысады», – деді тарихшы Бейбіт Қойшыбаев.
Сөйтіп, 1920 жылы Түркістан комсомолы съездінде Орталық комитет мүшесі болып қазақ-қырғыз жастар бөлімін басқарады. Бір жылдан кейін комитеттің бірінші хатшысы болып сайланады. Дәл осы тұста «Жас алаш» гезетінің негізін қалайды. Жалпы тарихшы ғалымдар Ғани Мұратбаевты жаңа заманда, революция кезеңінде дүниеге келген тұлға деп санайды. Үлкен жауапкершілігі мол істерді небәрі 23 жасында атқарған тұлғаны ел естен ұмытпақ емес.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы