Жаңа Алматы: Наурызбай ауданында «Жас толқын» өнер орталығы ашылды

31.10.2020 01:59

«Бюджетке қатысу» жобасының арқасында қалада жаппай спорт, воркаут және балалар алаңдары ашылуда

Almaty.tv

Алматының әлеуметтік мәдени әлеуеті қарқынды дамып, бұл салаға жеке инвестиция тарту оңтайлы жолға қойылып келеді. Мәселен бір ғана Наурызбай ауданында небәрі бір жарым жыл ішінде демеушілер көмегімен тегін қызмет көрсететін түрлі өнер, білім, белсенді даму орталықтары мен әлеуметтік клубтар ашылған. Ал «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы арқылы құрылыс жобалары іске асып, көшелер мен инженерлік желілер жаңарған. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданындағы нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды бір пысықтап шықты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркіннің бейнематериалында.

Бүгінде қала әкімдігі әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды қолға алған. Осы ретте қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданында атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Әлеуметтік нысандарды аралаған қала басшысы «Қалқаман» ықшам ауданында жаңадан ашылған «Жас толқын» өнер орталығына барды. Демеушілердің көмегімен бой көтерген нысан жылына 500 баланы тәрбиелеуді көздейді.  

«Жас толқын» өнер орталығында қолға қылқалам ұстап сурет саламын деушілерге де, түрлі аспапта күй тартып, қолөнермен айналысамын деген балаларға барлық жағдай жасалған. Мұнда осы сияқты онға жуық үйірме бар. Орталық 10 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды тегін қабылдайды. Бұл, әрине, көпбалалы отбасылары үшін үлкен көмек болары анық.

«Балаларым әртүрлі саладағы үйірмеге қатысқысы келеді. Балам гитараны қалап келді, бір балам әнші болғым келеді дейді. Бір қызым гимнастиканы қалайды, біреуі ағылшын үйірмесіне баруды қалайды. Баланың талабына қарай жүгінеміз ғой енді. Қуанып отырмын балам бүгін келіп гитара тартып отырғанына», – деді  Наурызбай ауданының тұрғыны Эльза Дүйсенбаева.

«Бюджетке қатысу» жобасының арқасында қалада жаппай спорт, воркаут және балалар алаңдары ашылуда. Сонңы бірі Наурызбай ауданында бой көтерген алаң.  

БЛИЦ:

–  Көңілімнен шығып жатыр. Рахмет ауданның әкімдігіне. Мына кішкентай немерелерімізді апаратын жер жоқ еді. Енді әкеліп ойнатып жүреміз.

–  Алаң болмап еді. Қазір алаңды салып жақсы болды. Оқушылар да, біз де, ата-аналар да риза осындай алаң салынғаны үшін.

Ал Абай даңғылының ұзаруы көптен бері қала тұрғындарының арманы болған еді. Бүгін мегаполис басшысына қаланың екі шетін жалғайтын Абай даңғылының құрылысы таныстырылды. Жолды салу үшін Наурызбай ауданының аумағына енетін 147 жер учаскесін сатып алу міндеті болған.

«Сол 147-нің бүгінгі таңда 110-ы сатып алынды. Онда Абай даңғылы салынды. Енді қалған 30 жер учаскесі сатылуға дайын. 6 жер учаскесінің ісі сотта қаралып жатыр. қалған бір учаскенің ісі қазір сотқа дейінгі процедураларды өтіп жатыр», – деді Наурызбай ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Нұрбол Бейсеков.

Мұнда Абай даңғылын батысқа қарай ұзарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазір Әшімов көшесінен Наурызбай аудандық әкімдігінің ғимаратына дейінгі аралық 50 пайызға біткен. Жалпы Яссауи көшесінен бастау алатын даңғыл келесі жылдың аяғына қарай қолданысқа берілмек. Ал бұл ауданда орналасқан Қонаев көшесі. Көлік жүргізушілерінің тынысын тарылтқан көшенің енді ені ұлғая түседі. Қазір құрылыс жұмыстары 30 пайызға аяқталған.

Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев «Ақжар» және «Тастыбұлақ» ықшам аудандарындағы инженерлік желілерді тарту жұмысын көрді. Қалаға кейіннен қосылған 7 ықшам ауданда жап-жаңа құбырлар жүргізілген. Аймақта су және кәріз жүйелерімен қамту жұмысы 70 пайызға аяқталған. Оған қоса қала әкімі «Қарғалы» су станциясының құрылысын көрді. Бекетті салуға құрылысшылар қызу кірісіп кеткен. Бәрі сәтті аяқталса станция арқылы 38 мың үй ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Жалпы қала бойынша биыл 39 800 тұрғынның үйіне таза ауыз су кіргізіледі.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы