Шетсіз қала: Алғабас ықшам ауданында су құбырларын ауыстыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Шетсіз қала: Алғабас ықшам ауданында су құбырларын ауыстыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Жұмыстың 80 пайызы аяқталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Шетсіз қала» жобасы аясында алматылықтардың тұрмыстық мәселесі шешіліп келеді. Биыл 8500 ден астам көпсалалы тұрғын үй, 1200 ден астам жеке тұрғын үй кешені және 3 мың шаршы метр жатақхана пайдалануға берілген. Ал, аудандарда жобаның іске асырылу барысы қандай? Almaty.tv тілшісі  Ұлағат Арғын айтып берсін.

Серік Қалижанов Шаңырақ 5 ықшам ауданында 10 жылдан бері тұрады. Осында көшіп келгелі ауыз су біраз жылдан бері басты мәселеге айналған. Бұған дейін тіршілік нәрін тасып ішкендерге маусымда су жүргізілген.

«Оғанға дейін колонкадан тасып ішетінбіз. Бір үй 600 метр, бір 800 метр арақашықтықта. Қазір су келгелі жақсы болды. Қаладағыдай тәртіп. Үйімізге су келіп тұр. Үйімізде ванна, су бәрі жұмыс істеп тұр», – деді қала тұрғыны Серік Қалижанов.

«Шетсіз қала» жобасы аясында Алатау ауданында жүргізіліп жатқан жұмыс көп. Ондағы ықшам аудандарда жол мен көшелерді жарықтандыру кезең-кезеңімен шешіліп келеді.  

«Шаңырақ 5 ықшам ауданына оралатын болсақ, кәріз жүйелері жыл соңына дейін іске қосылады. Ал, жарыққа келетін болсақ, бұл ауданға жаңа құрылыс жол кіріп жатыр. Осының бәрі шетсіз қала жобасы аясында жүргізіліп жатыр. Ол аудан әкімі Азамат Бескемпірұлының жіті бақылауында», – деді Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Қуатбек Мақаш.

Бұдан бөлек, Алғабас ықшамауданында су құбырлары мен кәріз жүйелері толығымен жаңартылып жатыр. Жұмыс аяқтала сала әр үйдің кәріз жүйесі орталық желіге қосылады.  

Алғабас ықшам ауданының 10 көшесінде құрылыс жұмыстары дәл осылай қарқынды жалғасып жатыр. Құрылысшылардың айтуынша, жұмыстың 80 пайызы аяқталған. Десе де алда әлі екінші кезеңі бар көрінеді. Жоба көлемі ауқымды. Сондықтан да алдағы жылы да жұмыс жалғасын табады.

Мердігер мекемедегілердің айтуынша, құбырлардың тозығы жеткен, оның үстіне диаметрі кішкентай. Енді оның орнына кең құбыр салынып жатыр. Бұл үйлерге жүргізілетін судың қысымын да жоғарлатады.

«Бұрын бұл елдімекенде диаметрлер кішкентай болған. 25, 32 деген. Қазіргі диаметрлер 250-ден басталады. Ал, кәріз жүйелері 400 құбыр. Стекло-пластик. Одан кейін 300 диамтер бар», – деді мердігер компанияның басшысы Төлеген Есімсейтов.

Ауданда «Шетсіз қала» жобасымен біраз іс тындырылмақ. Бүгінде республикалық бюджеттен қаржы да қарастырылған. Айта кету керек, құрылыс жұмыстары пандемия кезінде де тоқтаған жоқ. Жұмысшылар санитарлық талаптарды қатаң сақтады.

Ұлағат Арғын, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» арнасы    

Новости партнеров