Алматыда 18 шақырымға созылған 112 жаңа көшеге тас жол төселді

11.08.2020 20:59

Жыл соңына дейін тағы 177 көшені қамту жоспарланған

Almaty.tv

Алматыда 18 шақырымға созылған 112 жаңа көшеге тас жол төселді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Жыл соңына дейін тағы 177 көшені қамту жоспарлануда. Мегаполисте қайта жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде мердігер ұйымдармен 91 көше жөндеуден өтті. Жол инфрақұрылымының дамуы жөнінде келесі бейнематериалда.

Мынау 300 метрге созылып жатқан Тойшыбек Батыр көшесі. Соңғы рет 10 жыл бұрын асфальт төселген жолға міне, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көшенің жөнделуін ұзақ күткен тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бір ғана Алатау ауданында қазан айының соңына дейін 75 көшеге асфальт төселмек. Жергілікті билік бұл жұмыстарды 8 ықшам ауданда іске асыруды жоспарлауда. Қала бойынша мердігер ұйымдардың көмегімен 62 шақырымға созылған 91 көше жөндеуден өтті.

«Осы жылы 177 көшеге 47,4 шақырым жаңа жол салу жоспарланған еді. Соның қазір 18 шақырымға созылған 112 көшесінде құрылыс аяқталды. Биылғы жылдың соңына дейін қалған жұмыстарды аяғына жеткізу мақсаты тұр», – деді қалалық Мобильділік басқармасының бөлім басшысы Асан Бостанов.

Қаланы абаттандыруға да жіті көңіл бөлінуде. Жол құрылысымен қоса, мегаполисте көшелерді жарықтандыру ісі де қарқынды жүріп жатыр.  

«Қазіргі жағдай бойынша 2024 көшені жарықпен қамту жоспарланып отыр. 2020 жылы 1000 көшені жарықтандырамыз. Жұмыстар басталып та кетті. Шілде айының өзінде 140 көшеге жөндеу жүргізілді. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталады», – деді «Алматы қала жарық» МКК даму бойынша жетекшісінің орынбасары Мақсат Батқан.

Жыл басынан бері қалада 117 мыңға жуық жарық бағандары орнатылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. Сыртқы жарық желілерінің ұзындығы 4 мың шақырымға жуықтайды. Осылайша, қаланың 70 пайызы  жарықтандырылды дейді мамандар.

Сая Меңдеке, Аянрафи Нарикбаева, Ялкунждан Әшімжанов, «Алматы» арнасы