«Дәмелі» сериалын дүйсенбі мен жұма аралығында 12:40-та көре аласыздар
Almaty.TV көрерменге тағы бір отандық телехикая ұсынбақ. «Дәмелі» сериалы тағдыр тәлкегіне түскен жалғызбасты ананың өмірін баяндайды.
Дәмелі телехикасы жас келіншектің өмірінің бір сәтте күрт өзгеріп, тағдыр теперішіне түсуінен басталады. Болашақ жарымен бас қосуға санаулы күн қалғанда, бас кейіпкер күтпеген жағдайға тап болады. Сүйіктісінен айырылып, ертеңіне жүкті екенін біледі. Бұл оған ауыр соққы болып, жақындарынан алыстатып жібереді. Телехикая 10 бөлімнен тұрады. Басты рөлдерді отандық танымал жұлдыздар мен кәсіби актерлер сомдайды.
«Басты рөлдерді кәсіби актерлар сомдайды. Индира, Қуаныш, Асқар бар. Шымкент театрының актерлерін қосқанда, 95 пайыз кәсіби мамандар. Осы жобада әр көрермен өзін көреді деп ойлаймын», – деді қоюшы режиссер Еркін Сәтенов.
Қоғамдық қысым мен туыстарының түсінбеушілігіне қарамастан, Дәмелі баласын жалғыз өсіріп, аналарға арналған дағдарыс орталығын ашады. Осылайша ол жалғызбасты әйелдерге қоғамда орнын табуға көмектеседі.
«Бұл – Дәмелінің емес, барша әйел адамның тағдыры. Бақыты үшін күресіп жүрген қыз. Актерлік құрам өте керемет. Өзіме қатты ұнады. Жұмыс жасау процессі еш қиын болған жоқ», – деді актриса Индира Құлмағамбетова.
Телехикаяда көрермен үшін түйер ой көп. Тың тележобаны «Алматы» арнасынан дүйсенбі мен жұма аралығында 12:40-та көре аласыздар.
Әйкерім Пернебек, Мақсат Күнібек