ПИК әр тұрғын үй үшін жеке шот ашуға міндетті

08.08.2025 19:51

Алматының Наурызбай ауданында әкімдік қызметкерлері, пәтер иелері кооперативтері мен басқарушы компания өкілдері бас қосты

Пәтер иелері кооперативі әр тұрғын үй үшін жеке шот ашуға міндеттеледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаржылық есептілікті кешіктіргендерге жауапкершілік күшейеді. Бұған дейін кооперативтер қарамағындағы бірнеше баспанаға бір шот ашып, қаражатты тозығы жеткен ғимараттарға жөндеу жүргізуге жұмсап келген. Салдарынан әр үйге жекелей есеп берілмеген. Енді жауаптылар тұрғындарға әрбір тиынның қайда кеткенін түсіндіруге міндеттеледі. Бүгін Алматының Наурызбай ауданында әкімдік қызметкерлері, пәтер иелері кооперативтері мен басқарушы компания өкілдері бас қосып, тұрғын үй қорын басқару жүйесіндегі жаңа ережелерді талқылады. Президент қол қойған заңға сәйкес, тек мүлік иелері бірлестігі мен тікелей бірлесіп басқару нысаны ғана қалады. Ал пәтер иелері кооперативі басқарушы компаниялармен теңестіріліп, екі қызметті қатар атқаруға мүмкіндік алады.

 «Бізде басқарушы компания бар ғой, солармен бірге ПИК жұмыстарын атқара беретін болады. Екі қызметті де бірге атқарады. Олар бір жылдың ішінде қайтадан тіркеуден өту керек», – деді коммуналдық шаруашылықты дамыту басқармасының өкілі Жандос Қайырханов.

«Жаңа заңдағы түзетулердің бірінде мынадай талап бар: егер пәтер иесі оны жалға берсе, онда ол басқарушы компанияға жалға алушылардың және меншік иесінің барлық деректерін ұсынуға міндетті. Қазір кейбір жалға берілетін пәтерлерде тек бір адам тіркеуде тұр. Қоқыс шығару ақысын бір адам үшін төлейді, ал шын мәнінде әр пәтерде 15 адамға дейін тұрады», – деді басқарушы компания басшысы Бақыт Жаманқызы.

Оқи отырыңыз: Құрылысшылар күніне орай Алматыда футбол турнирі өтті