Жуырда «Алматы» телеарнасында «Кешкі Алматы» атты жаңа бағдарлама басталмақ. Оны «Жайдарман» ойынының чемпионы «Назар аудар» командасы жүргізеді. Әзіл-сықақ жанрындағы бағдарламаның түсірілімі аяқталды.
– Бағдарлама әзіл-қалжыңға негізделген. Бүгін 5-6 шығарылымын түсірдік. Өзіме ұнады, – деді бағдарлама жүргізушісі Ақболат Өтебай.
12 тамызда телеарна ұжымының дайындауымен «Өміріңе келдім» атты мелодрама-комедия жанрындағы сериалдың түсірілімі басталғанын еске салайық. Кинотуынды 10 бөлімнен тұрады және онда ауылдың тыныс-тіршілігі, жастар махаббаты көркем суреттелген. Басты рөлдерді Ақбота-Нұр Сейтмағамбет, Нұрболхан Шарапов, Дастен Шәкіров сынды танымал актерлер сомдайды.
Сондай-ақ жаңа маусымда 10 бөлімнен тұратын телехикая «727» деп аталады. Түсірілім жұмысы шамамен 1 айға жалғасады. Режиссердің айтуынша, жұмыстың жемісті болуы тікелей әртістердің кәсібилігіне байланысты.
– Бұл сериалды жаңаша көзқараста түсірсек деген ниет болып отыр. Оқиғаның бәрі қызықты, диалог өте қысқа. Абай «ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» дейді. Сериалда ұжымда жұмыс істеу, мінездің бір-біріне сәйкес келуі, ортамен тіл табыса алуы деген сияқты жастарға өнеге бар, – деді телехикаяның қоюшы режиссері Әлсейіт Көлбай.
Бұдан өзге «Алматы» телеарнасының көрермендері осы маусымда «Әділеттің жолы», «Мұғалім» сынды сериалды көре алады.
Сондай-ақ қазақтың фольклортанушылары, музыка зерттеушілеріне арналған «Әуезді ғұмырым» деректі фильмі көрерменге жол тартпақ.
Жаңа маусымда «Басты назарда», «Алматы тұнған тарих», «Обо всем без купюр», әдемі қалжың, жарасымды әзілмен өрнектеліп, әлеуметтік мәселелерді де қамтыйтын қыз-жігіт айтысы «Біржан-Сара ізімен», қазақ халқының жыр-дастан, күйшілік өнерін дәріптейтін «Almaty ән қанатында» сынды бағдарламасы жалғасын таппақ.
Оқи отырыңыз: «Жарты сағат Жанарбекпен»: «Алматы» телеарнасында тұсаукесер