AlmatyTV YouTube арнасында журналист Виктор Глуценконың «Саундтрек: история песни» бағдарламасының тұсаукесері өтті.
Фильмді музыкасыз елестету мүмкін емес. Өйткені әрбір көркем шығармада оның тақырыбы ғана емес, сонымен қатар картинаға ерекше рең беретін музыканың да алар орны ерекше.
Саундтректердің қалай жасалатыны, оны кімнің орындайтыны, түсірілім кезінде қандай музыкалық және басқа да ерекшеліктер болатыны, актерлер, режиссерлер, композиторлар мен орындаушылардың фильмдегі жұмысы қандай екені, жалпы бейнебаянның өзі туралы «Саундтрек: история песни» атты жаңа бағдарламада кеңінен тарқатылып айтылады.
Бірінші шығарылымда автор осыдан 65 жыл бұрын көгілдір экранға шыққан, режиссер Шәкен Айманов түсірген, аты аңызға айналған «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі ән жайында әңгімелейді.
Айта кету керек, фильм өз уақытында үлкен табысқа жетті. Кинокартинадағы әндер өз заманында күйтабаққа басылып, тыңдарман арасында кең тарады. Ермек Серкебаевтың орындауындағы «Надо мной небо синее» әні нағыз хитқа айналды. Оны 20 жылдан аса уақыт бойы радиодан қойып жүрді.
Композитор Александр Зацепиннің жылы естеліктері, саундтрек туралы қызықты деректер, ерекше бейнекадрлар мен Ермек Серкебаевтың теңдессіз дауысы жайлы «Саундтрек: история песни» бағдарламасынан тамашалаңыздар.
АлматыTV YouTube арнасының ресми парақшасынан кез келген уақытта көріңіз.