|
19.03.2024 | 20:06
5588

«Алматы» телеарнасы жаңа маусымын бастады

Жаңа маусымдағы жаңа өнімдер, деректі фильмдер мен телехикаялар – осының айғағы.

«Алматы» телеарнасы жаңа маусымын бастады Almaty.tv

«Алматы» телеарнасы жаңа маусымын бастады. Жыл сайын өз көрерменін тың телевизиялық жобалармен қуантатын арна ұжымы бұл жолы да дәстүрден жаңылмады. Көрермен оң бағасын берген бірнеше бағдарлама жалғасын тапса, жаңа төл туындылардың да тұсауы кесілді.

Айтыссүйер қауымның сүйікті жобасына айналған «Біржан-Сара ізімен» бағдарламасы бұл маусымда да жалғасады. Қыз бен жігіт айтысы осымен үшінші рет қалың көрерменге жол тартқалы отыр. Әзіл-қалжыңмен ащы шындықты қоса айтатын ақындар екеуара әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Шын мықтыны анықтау үшін сайыскерлерге арнайы тапсырма беріледі, ал олардың тартысын елге белгілі ақындар бағалайды. Бағдарламаның жаңа маусымы 23 наурыздан бастап көрсетіледі.

– Үшінші жыл «Алматы» телеарнасы «Біржан-Сара» айтысын жасап жатыр. Елге танылып қалған ақындармен қатар, жастар да шығып жатыр. Олардың ұлттық өнерге қызығушылығы артқаны қуантады. Сондықтан айтысты жиі әртүрлі телеканал көрерменіне жолдап отырса, ата өнеріміздің мәртебесі асқақтайды деп сенемін, – деді Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова.

Сондай-ақ қазақтың дәстүрлі өнерінен сыр шертетін «Алматы ән қанатында» бағдарламасы бүгін басталса, елге еңбегі сіңген тұлғалармен сүбелі сұхбат құрылатын «Жарты сағат Жанарбекпен» жобасы кешеден бері арнадан көрсетіле бастады.

Ал көңіл сергітер «Кешкі Алматы» бағдарламасы мен арнаның басты музыкалық «Жұлдызды караоке» жобаларының екінші маусымы көпшіліктің сұранысымен 22 наурыздан бастап көгілдір экраннан көрсетіледі. Ойын-сауық бағдарламаларының да түсірілімі аяқталып, көрермен назарына жол тартуға дайын тұр.

– «Жұлдызды караоке» жобасының жүргізушілері: Қайрекең мен Мөлдір ханым. Шақырған кезде бірден келістім, бағдарламаны «Алматы» телеарнасынан және оның YouTube желісінен көрдім. Шыны керек, бірден ұнады, қатысқым келді. Өте қызық бағдарлама. Ұйымдастырушыларға рақмет айтқым келеді. Халыққа керек бағдарлама деп ойлаймын, – деді әнші Әсет Арыстанбек.

Көрерменнің көңілінен шыққан тағы бірқатар жоба жаңа маусымда жалғасын табады. Олар - «Таңғы Studio» таңғы шоуы, «Обо всем без купюр» және «Алматинские истории» бағдарламалары. Сондай-ақ әз-Наурыз қарсаңында «Алматы» арнасы «Наурызнама» деп аталатын арнайы деректі фильм әзірледі. Ол 22 наурызда сағат 11:20-да көрсетіледі.

«Алматы» арнасы көрерменіне түрік телехикаясын да әзірлеп қойды. «Бөгет» сериалы көзі қырақты көрерменнің назарына 1 сәуірден бастап ұсынылады. Сондай-ақ телеарна ұжымы кішкентай көрермендерді де ұмыт қалдырмады. «Мобика мен Нотелдің хикаялары» деп аталатын анимациялық сериал көпке көрсетіледі.

«Алматы» телеарнасы үздіксіз дамып келеді. Жаңа маусымдағы жаңа өнімдер, деректі фильмдер мен телехикаялар – осының айғағы. Көрермендерді алда тың жобалар, қоғамның тыныс-тіршілігін боямасыз баяндайтын ақпараттық материалдар, салмақты сұхбат пен көңіл қылын қозғап, ой сергітетін мәдени, ойын-сауық бағдарламалары күтеді.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Наурыз: Almaty TV жаңа маусымын бастайды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир