Алматы – ел экономикасының тірегі: қала әкімінің мақаласында қандай мәселелер көтерілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы – Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Елімізге тартылатын шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы мегаполиске тиесілі. Қаланың жалпы экономика көлемі 72 миллиард АҚШ долларына жуықтайды. Шаһар еліміздің жалпы ішкі өнімінің төрттен бірін қамтиды. Ал мемлекеттік бюджет кірістерінің үштен бірі мегаполистің экономикалық белсенділігін көрсетеді. Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалды шаһардың дамуы туралы мақаласында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда мыңдаған шетелдік компания мен ірі халықаралық корпорациялардың өңірлік кеңселері орналасқан. Бұл қаланың ірі тұтыну нарығы мен белсенді бизнес ортасы қалыптасқанын көрсетеді. Алдағы міндет – инвестиция көлемін арттыру, жаңа өндірістер мен жоғары технологиялық секторларды дамыту. Өз мақаласында осындай ой білдірген қала әкімі Дархан Сатыбалды «Алматы Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның инвестициялық қақпасына айналуы керек» деді. Бір сөзбен айтқанда, мегаполис туризм мен транзиттік хаб, білім мен ғылымның, технология мен шығармашылықтың орталығы болуы тиіс.

«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әр қаланың даму моделі оның табиғи, экономикалық және адами артықшылықтарына негізделеді. Алматы – экономика, білім, ғылым, мәдениет пен туризм тоғысқан Орталық Азиядағы ірі мегаполис ретінде өзінің бірегей даму моделін қалыптастырып келеді. Бұл – Алматының өңірдегі бәсекелік артықшылығын нығайтатын маңызды негіз», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Алматы халқының өсуі көлік пен қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырып отыр. Сондықтан мегаполистің даму жоспарында көлік жүйесін жаңғырту мен қаланы бірнеше орталыққа бөлуге ерекше мән берілген. Нақтырақ айтсақ, метро желісін кеңейту, ЛРТ мен Sky Train жобаларын дамыту көзделген. Негізгі мақсат – қаланы үлкейту емес, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру.

«Орталықтың философиялық мағынасы өзгеру керек. Орталықтың мағынасы –полиорталыққа. Яғни батыс жақта, Құлжа жолы жақта үлкен-үлкен нысандар бар, дүкендер, сауда орталықтары бар және шығыс жақта да осындай орталықтар болады», – деді қоғам белсендісі Бекнұр Қисықов.

Алатаудың баурайындағы тау туризмі мен қаланың тарихи мұрасы ұштасып жатыр. 2025 жылы мегаполиске шамамен 2,5 миллион турист келген. Оның 750 мыңнан астамы шетелдік. Ендігі мақсат  тау кластерін дамыту арқылы жыл бойы жұмыс істейтін туристік жүйе қалыптастыру. Мақалада туризмнің тағы бір бағыты – тарихи мұраны әлемге таныту деген ой айтылған. Қала басшысы «Боралдай және Есік Сақ қорғандары мен өзге де тарихи сәулет нысандарын байланыстыратын туристік кеңістік қалыптастыру керек» деді. Мақсат – туристер санын ғана көбейту емес, олардың қала экономикасына қосатын үлесін арттыру.

«Он екі ай медициналық туризм де жасалады. Ол – бір бағыт. Мұндай бағыттар өте көп, эко туризм деп жатырмыз. Кеше ғана Президентіміз Оңтүстік Корея елінде болды. Ірі компаниясы Алматы және Алатау қаласына қонақүй салуға инвестиция салады, меморандумға қол қойылды», – деді  қалалық мәслихат депутаты Әкім ТұрсыАлматының болашағы экологиямен, тұрғындардың өмір сүру көрсеткішін жақсартумен тікелей байланысты. Қалада ауа сапасын жақсарту үшін жылу энергетикасы мен көлік жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар білім мен медицина да – басты бағыттың бірі.

Нақтырақ айтсақ, биыл Алматыда 8 жаңа мектеп іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы екеуін ашу жоспарланған. Ал 2030 жылға дейін 69 жаңа білім ошағы мен 32 медициналық нысан салынады. Яғни қаланың ұзақ мерзімді дамуы ең алдымен білімді, дені сау және білікті ұрпақ қалыптастыруға бағытталған.
Аршын Кемелжан, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Қала күні қарсаңында Алматы әкімі кезекте тұрған азаматтарға жаңа пәтер кілтін табыстады