Фейк ақпарат пен күмәнді діни контент: Мамандар жастарды сыни ойлауға шақырады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Тамыз конференциясында шамадан тыс ақпарат ағынының жас ұрпаққа тигізер кері әсерін айтқан
Ақпарат көп, ал ақиқатын ажырату барған сайын күрделеніп барады. Әсіресе әлеуметтік желідегі күмәнді мәлімет пен деструктивті діни контент жастардың көзқарасына ықпал етуі мүмкін. Соңғы дерек бойынша Қазақстанда 19 жарым миллион адам интернет пайдаланады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір батырма – шексіз ақпарат. Бүгінде жастар сауалының жауабын кітаптан бұрын интернеттен іздейді. Digital 2026 дерегінше, Қазақстанда 19,5 миллион адам интернет пайдаланады, ал әлеуметтік желідегі пайдаланушы профильдерінің саны 16,9 миллионға жеткен. Цифрлық кеңістік кеңейген сайын мәліметті талғап қабылдау да маңызды. Өйткені көп қаралғанның бәрі – ақиқат, көп таралғанның бәрі – сенімді дерек емес. Мемлекет басшысы биылғы Тамыз конференциясында осы мәселеге арнайы тоқталды.
«Ақпараттың шамадан тыс көбейіп кетуі қоғамға, соның ішінде жас ұрпаққа кері әсерін тигізе бастады. Мұндай ахуал азаматтардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Бұл, әсіресе, болмыс-бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте қауіпті. Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақпарат тасқынында адаспаудың бір жолы – сыни ойлау. Яғни мәліметтің қайдан шыққанын, қандай дерекке сүйенгенін тексеріп, өзге сенімді ақпарат көздерімен салыстыру маңызды. 2026 жылы жарияланған медиасауаттылық жөніндегі зерттеуде сауалнамаға қатысқандардың 68,3 пайызы интернет пен әлеуметтік желіде манипуляция мен жалған ақпаратқа кезіккенін айтқан. Сондықтан мамандар ақпаратты жылдам табудан бұрын, оның рас-өтірігін саралай білуі маңызды екенін айтады.
«Медиасауаттылық пен сыни ойлау ақпараттарға бірден сенбей, кез-келген ақпаратты тексеріп, соны саралауға үйретеді. Ақпараттың қайдан шыққанын, кім таратқанын және шынайы ақпарат па? Қаншалықты рас екенін көп жағдайда тексермейді. Жастарды жалған әрі арандатушылық ақпарат ықпалына түседі», – деді әлеуметтік ғылымдар магистрі Жадыра Әлміш.
«Журналистика факультетінде оқығаннан кейін сайттардан көп ақпарат алуымыз керек болады. Алайда ол сайттың барлығы бекітілген немесе мемлекеттік деңгейі жоқ болғаннан кейін сараптауымыз керек. Оны бізге мұғалімдер үйретеді және фактчекингтің базасын қалыптастырады», – деді студент Қазына Аманова.
Діни ақпаратты таңдауда да талғам қажет. Себебі әлеуметтік желіде айтылған әр пікірді білікті маманның сөзі деп қабылдауға болмайды. Кейде қысқа уағыз бен контекстен үзіп алынған ойдың өзі адамның таным-түсінігін бұрмалауы мүмкін. Сондықтан дінтанушылар жастарға көкейдегі сауалдың жауабын сенімді дереккөзден іздеп, білікті маманға жүгінуге кеңес береді. Өйткені деструктивті идеяның қауіпті сипаты бірден аңғарыла бермейді.
«Деструктивті немесе агрессивті мазмұндағы контекст ең біріншіден, елдің патриоттық сезімнен алыстатуға бағытталғанынын, дәстүрімізді жоққа шығаруға және мүфтиятымызға тас лақтыруға негізделетінін байқауға болады. Осы үш дүниеге көбірек көңіл бөлсек болады. Дінсіз адам болса да, дінсіз қоғам болмайды. Сол себепті бұл қоғамда қандай да бір мәселе туса имамдарға келіңіздер», – деді Алматы орталық мешітінің наиб имамы Қуаныш Тоқсанбайұлы.
.Желіде бөліскен әр ақпараттың жауапкершілігі бар. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, биыл алғашқы бес айда жалған дерек пен құқыққа қайшы контент жариялаған 59 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 қылмыстық іс тіркелген. Сондықтан кез келген мәліметтің мән-жайына үңіліп, күмәнді дүниені бөлісуге асықпаған жөн.
Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Ел мектептерінде 5000-нан астам мұғалім жетіспейді